Jaqtime.kz Бүгінде дәрі-дәрмектің сапасы мен қауіпсіздігі – әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірінің кепілі. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға дәрілік заттарды қалай дұрыс таңдау керектігін айтып, маңызды ережелерді еске салды.

Дәріхана сөресінен препаратты алмас бұрын, мына негізгі талаптарға міндетті түрде назар аударыңыз:

- Тіркелуі: Дәрі Қазақстанда ресми түрде тіркелуі тиіс. Оны register.ndda.kz Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімі арқылы оңай тексеруге болады.
- Сыртқы түрі: Қаптамасы міндетті түрде бүтін, ал жарамдылық мерзімі өтіп кетпеуі қажет.
- Ақпараттың анықтығы: Қаптамадан препараттың атауын, дозасын, дәрілік түрін және таңбалануын қарап шығыңыз. Сонымен қатар, қорапта қазақ және орыс тілдеріндегі медициналық нұсқаулық болуы шарт.
Түпнұсқаны қалай тексеруге болады? Препараттың шынайылығына көз жеткізу үшін смартфонағызға DariKz немесе Naqty Onim қосымшаларын жүктеп алыңыз. Олар арқылы дәрінің таңбалау жүйесіндегі мәртебесін бір секундта анықтай аласыз.

Қайдан сатып алған жөн? Мамандар дәрі-дәрмекті тек ресми сату құқығы бар дәріханалардан ғана алуға кеңес береді. Әлеуметтік желілер, күмәнді хабарландырулар және бейтаныс интернет-сайттар арқылы дәрі сатып алу денсаулығыңызға қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан бұл мәселеде аса сақ болған абзал.





