spot_img
spot_img
HomeҚызылордаЖаңақорған ауданыЖаңақорғанда VIII шақырылым депутаттары марапатталды

Жаңақорғанда VIII шақырылым депутаттары марапатталды

Jaqtime.kz Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан аудандық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттарымен арнайы басқосу өткізді. Мемлекет басшысының 12 қазандағы Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, депутаттар сайлауы 29 қарашаға белгіленген болатын. Осыған орай ұйымдастырылған жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдары мен дербес бөлімдердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы халық қалаулыларының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан айрықша үлесін атап өтіп, ел мүддесі жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді. «Депутат болу – үлкен сенім мен жауапкершілік. Халықтың атынан сөз сөйлеп, оның мүддесін қорғау, сенімінен шығу оңай міндет емес. Жаңақорған аудандық мәслихатының VIII шақырылымының 15 депутаты 2023 жылғы 30 наурыздан бастап 2026 жылғы 12 қазанға дейін өзіне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарды. Халық сенім артқан азаматтар мемлекеттік органдармен, сайлаушылармен тығыз байланыс орнатып, Президентіміздің бастамасымен елімізде өткен ірі саяси науқандарға белсенді қатысты. Бүгінгі кездесуді сол атқарылған еңбекті бағалайтын сәт деп білемін», – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, VIII шақырылым кезеңінде аудандық мәслихаттың 52 сессиясы өткізіліп, 610 шешім қабылданды. Депутаттар тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша 130 депутаттық сауал жолдап, олардың оң шешімін табуына ықпал етті. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру мен медициналық қызмет сапасын арттыру, мәдениет пен өнерді қолдау, сондай-ақ ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту және бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Жиын соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің және облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ басқосуда аудандық мәслихат төрағасы қызметін уақытша атқарған Жасұлан Амалбеков пен VIII шақырылымның депутаты Әлібек Нәлібаев сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға тоқталды және әріптестеріне алғысын жеткізді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР