
2030 жылға қарай Англияда бастауыш мектеп оқушыларының саны 180 мыңға қысқарады деген болжам жасалды. Бұл туралы Jaqtime.kz хабарлайды Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, елдегі бастауыш мектептерде оқушылардың ең жоғары көрсеткіші 2018–2019 оқу жылында тіркелген. Ол кезде шамамен 4,51 миллион бала білім алған. Содан бері көрсеткіш 2 пайызға төмендеген. Ал алдағы бес жылда тағы 4,1 пайызға азаюы ықтимал.
Білім саясаты институтының зерттеуіне сәйкес, оқушы санының кемуі ең алдымен туу деңгейінің төмендеуімен байланысты. 2000 жылдардың басындағы «бэби-бумнан» кейін 2012 жылдан бері туу көрсеткіші тұрақты түрде азайып келеді.
Аталған мәселе әсіресе Лондонда өзекті. Мұнда оқушы санының кемуіне тұрғындардың астанадан көшіп кетуі және ата-аналардың балаларын мемлекеттік мектептен жекеменшік білім беру орындарына ауыстыруы себеп болып отыр.
Ұлыбританиядағы мемлекеттік мектептердің қаржыландыру жүйесі «бір оқушы – бір қаржы» қағидатына негізделген. Сондықтан оқушы санының қысқаруы мектеп бюджетіне тікелей әсер етіп, мұғалімдер құрамын сақтап қалуды және күнделікті шығындарды өтеуді қиындатуда. Соның салдарынан соңғы бес жылда Лондонда 23 бастауыш мектеп жабылған.
Болжамға сәйкес, онжылдық соңына қарай бастауыш мектептерде небәрі 4,24 миллион оқушы ғана қалады. Бұл – қазіргі көрсеткіштен 180 мыңға аз. The Guardian газетінің есебінше, мұндай төмендеу шамамен 800 мемлекеттік бастауыш мектептің жабылуына тең.
Жалпы алғанда, 2030 жылға қарай Ұлыбританияда бастауыш және орта мектептерді қоса алғанда, мемлекеттік мектептерде білім алатын оқушылардың саны қазіргімен салыстырғанда шамамен 400 мыңға кемиді деп күтілуде.

