Бүгін Астана қаласының Достық үйі ғимаратында «Жаңа Конституция – Әділетті және прогрессивті Қазақстанның іргетасы» тақырыбында этномәдени бірлестіктердің жалпы республикалық форумы өтті.

Форум жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Парламент депутаттары, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының өкілдері, «Ассамблея жастары», сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Форум жұмысына өңірлердегі Достық үйлері онлайн форматта қосылып, облыстардың кең ауқымды қатысуы қамтамасыз етілді.

Талқылау барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары және оның мемлекетті одан әрі дамытудағы маңызы жан-жақты сараланды. Қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, этносаралық өзара іс-қимылды дамыту, ынтымақ пен тұтастықты сақтау мәселелеріне айрықша назар аударылды. Бұл бағыттардың елдің тұрақты әрі кезең-кезеңімен ілгері дамуы үшін шешуші фактор екені атап өтілді.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға ерекше мән берілді. Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыхалықтық дауыс беру саяси жүйені жаңғыртудың және Қазақстанның ұзақмерзімді дамуының құқықтық негіздерін нығайтудың маңызды кезеңі болатыны айтылды.
Іс-шараға Қызылорда облысындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері, сондай-ақ “Қоғамдық келісім” КММ басшылық өкілдері қатысты. Жиында Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ҚХА ардагері Асылбек Жұмабаев сөз сөйлеп, Жаңа Конституция жобасының қоғам бірлігін нығайтудағы тарихи маңызын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Жаңа Конституция жобасына және Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформаларға бірауыздан қолдау білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясы активі ашық диалогты қамтамасыз етуге, қоғамды кеңінен ақпараттандыруға және азаматтарды 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.



