spot_img
HomeUncategorizedҚазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынады

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынады

Қазақстанда 16 жасқа толмаған азаматтардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасы әзірленді. Құжат “Онлайн-платформалар мен массмедиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы” жобада көрсетілген және “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Заң жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған.



Жобаға сәйкес, 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде, видеохостингтерде және контент платформаларында аккаунт ашуға болмайды. Тек жедел хабар алмасу мессенджерлеріне тіркелуге рұқсат беріледі.

Бұның мақсаты — балаларды зиянды және заңға қайшы контенттен қорғау, қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру. Бұл ұсыныс 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмадан кейін әзірленген.

Министрліктің мәліметінше, заң жобасы:
• заңсыз контент көлемін азайтуға;
• балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге;
• отандық және шетелдік платформалар үшін тең талаптар орнатуға;
• онлайн-платформаларға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Құжат 80-нен астам түзетуді қамтиды және оны жүзеге асыру бюджет шығындарын талап етпейді.

Заң Парламентте қабылданып, Президент қол қойғаннан кейін ресми жарияланған күннен бастап 60 күннен соң күшіне енеді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймагамбетов те әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізуді ұсынған. Оның айтуынша, Дания мен Австралияда 15–16 жастан бастап тіркелуге рұқсат етілсе, АҚШ, Англия және Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты қажет.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР