spot_img
HomeЖаңалықтарАлматыда соңғы 5 жылда ЭКО бағдарламасы арқылы 13 мың отбасы сәби сүйді

Алматыда соңғы 5 жылда ЭКО бағдарламасы арқылы 13 мың отбасы сәби сүйді

Алматы қаласында соңғы бес жыл ішінде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) әдісінің арқасында 13 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Оның ішінде 5 мыңнан астам бала міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы өмірге келген.

Алматы қалалық Медициналық сақтандыру қоры филиалының деректеріне сәйкес, 2025 жылы ЭКО бағдарламасын қаржыландыруға 2,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қазақстандықтарға жоғары технологиялы медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік береді.

— Экстракорпоралдық ұрықтандыру – бедеулікпен күрестегі ең тиімді жолдардың бірі. Қазіргі заманғы репродуктивті технологиялар табиғи жолмен бала сүю мүмкін болмаған жағдайда да отбасыларға ата-ана болуға жағдай жасайды, — деп атап өтті МӘМС мамандары.

ЭКО-ға жолдама алу тәртібі

МӘМС есебінен ЭКО-ға қатысу үшін азаматтар төмендегідей қадамдардан өтеді:
1. Алдымен тіркелген емханаға жүгінеді.
2. Тиісті тексеруден өтіп, «бедеулік» диагнозы расталады.
3. Диагноз қойылғаннан кейін 12 ай ішінде дәрігер құжаттарды жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жолдайды.
4. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда пациент ЭКО процедурасын жүргізетін клиниканы өзі таңдап, жолдама алады.

Үміткерлерге қойылатын талаптар

ЭКО-ға Қазақстан азаматтары төмендегі шарттарға сәйкес келген жағдайда қатыса алады:
• репродуктивті жаста болуы (АМГ 1 нг/мл және одан жоғары),
• соматикалық және эндокриндік статусы қалыпты болуы,
• овариалдық резервтің қанағаттанарлық деңгейде болуы.

Сонымен қатар рәсім ресми некеде тұрған ерлі-зайыптыларға да, некесін тіркемеген жұптарға да қолжетімді. Ең бастысы – екі тараптың жазбаша келісімі болуы шарт.

Алматы қаласы бойынша МӘМС филиалынан мәлім еткендей, мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қолдау көптеген отбасының бала сүю арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР