spot_img
HomeЖаңалықтарАТА ЗАҢНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

АТА ЗАҢНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Достық үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция — Әділетті Қазақстанның негізі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Жиынды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов жүргізіп, қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтап, шараның маңыздылығына тоқталды.
* Конституция — мемлекетіміздің құқықтық негізі, ел бірлігінің бастауы, тұрақтылық пен әділеттің темірқазығы. Бүгінгі жиын — осы Ата заңымыздың қадірін ұғындыру, оның Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы орны мен рөлін терең түсіндіру мақсатында өткізіліп отыр. Бұл — баршамыз үшін тарихи маңызды оқиға, — деді Руслан Мұхамедәліұлы өз сөзінде.
Конференция барысында қоғамның әр саласынан жиналған сарапшылар мен мамандар ел Конституциясының тарихи даму жолын, құқықтық жүйенің эволюциясын, сонымен қатар, адам құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлін талқылады.
Баяндамалар легін Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі департаменті басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Асанова ашты. Ол өз сөзінде Конституцияның мемлекеттілікті қалыптастырудағы құқықтық базасы ретіндегі маңызын атап өтті.
Одан кейін сөз алған облыс прокурорының аға көмекшісі Байкенже Дінахмет елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етудегі прокуратураның қызметіне тоқталды.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысындағы өкілі Берікбол Байхожаев «Конституция — Қазақстан Республикасының тірегі, адам құқықтары мен бостандықтарының сенімді кепілі» тақырыбында баяндама жасап, адам құқықтарының конституциялық қорғауы жөнінде өзекті мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің PhD философия докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшесі Дәулет Омаров қазақ даласындағы құқықтық дәстүр мен қазіргі Конституцияның сабақтастығына тоқталып, тарихи шолу жасады.
Баяндамалар легін университеттің Экономика және құқық институтының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы Айнұр Исаева түйіндеді. Ол цифрландыру дәуіріндегі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Конференция соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Жиын мазмұнды әрі нәтижелі аяқталды.
Спикерлер мен қатысушылар Ата заңның ел болашағындағы орны, құқықтық мемлекет құрудағы рөлі және әділеттілік қағидаларын ұлықтаудағы маңызын ерекше атап өтті.
Конференция аясында қатысушыларға Конституцияның тарихи дамуын қамтитын арнайы бейнематериалдар көрсетіліп, құқықтық тақырыптағы көрмелер мен әдістемелік құралдар ұсынылды.
Шара соңында модератор Руслан Мұхамедәліұлы:
— Конституция — әр азаматтың өмір сүру қағидаларының негізі. Әрбір азамат Ата заңды құрметтеп, әділетті қоғамның қалыптасуына өз үлесін қосуы керек, — деп конференцияны қорытындылады.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР