spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарМайданда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Майданда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Jaqtime.kz. Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық әскерилердің шығарылғанына 25 жыл толуына және 7 сәуір – «Ерлік күніне» орай Қазалы мәдени – демалыс кешеніндегі «Тағзым» аллеясында әскери қақтығыстарда қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған тағылымды шара өтті.


Шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық мәслихат депутаттары, ел ағалары және Тәжік шекарасында әскери қызметін өтеген ардагерлер мен жас сарбаздар Тәжік-Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ рухтарына арнап құран бағыштады.

Еске алу рәсімінде аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы елден жырақ шекара шебінде жүріп, ел тыныштығы жолында күрескен азаматтардың еңбегі мен ерлігі жайында айтып сөз қозғады.Тәжік шекарасына біздің ауданымыздан 26 азамат аттанып, әскери борыштарын өтеді. Өкінішке қарай, қақтығыстар кезінде сол ерлердің бірі Отан алдындағы борышын өтеу барысында жерлесіміз Есетов Қанат жат жерде ерлікпен қаза тапты. Тағы үш азаматымыз елге аман оралғанымен, кейіннен өмірден өтті. 1995 жылдың 7 сәуірінде Дарваз ауданындағы Пшихавар тау шатқалында қанды шайқас болып, Қазақстандық жетінші біріктірілген ротаның жауынгерлері тосыннан жасалған шабуылға тап болып, бес сағат бойы ерлікпен қарсы тұрды. Сол ұрыста 17 жауынгеріміз ерлікпен қаза тауып, ондаған сарбаз жарақат алды. Пшихавар тау шатқалында болған шайқасқа қатысқан қазақстандық ротаның ішінде қазалылық Оңталап Кашимовта болып, ерліктің үлгісін көрсетіп, елімізге аман-есен оралды. Бүгінгі таңда ауданымызда тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстың 22 ардагері ортамызда. Олар — тірі тарих, ерліктің куәсі, батырлықтың белгісі. Сын сағатта ел қорғаған ерлердің өнегелі жолы бүгінгі және келер ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді аудан әкімі.


Жиында Ардагерлер одағының Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың Қазалы аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Баймбетов сөз сөйлеп, қарулы қақтығыс кезеңіндегі естеліктермен бөлісті.

Айта кету керек, осыдан 33 жыл бұрын, яғни 1993 жылы қаңтар айында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің басшылары тәжік-ауған шекарасын заңсыз қарулы топтардан бірлесіп қорғау туралы маңызды келісімге қол қойды. Бұл келісім – өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі болды. Осы міндетті орындау мақсатында Қазақстан Республикасынан арнайы құрама батальон жасақталып, оның құрамында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлерінен құралған жауынгерлер 8 жыл бойы тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде 2 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен офицер ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғауға қатысып, бауырлас Тәжікстан халқына көмек көрсетті. Олар тек әскери міндетін ғана орындап қойған жоқ, сонымен қатар адамгершілік пен достықтың, халықаралық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР