Jaqtime.kz. Түркияның мәдени астанасы Ыстанбұл қаласындағы Түрік және ислам өнері музейінде түркі әлемінің тарихи тамырын айшықтайтын «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» атты халықаралық конференция мен көрме өз жұмысын қорытындылады.

Қызылорда облысы әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен, ҚР Ұлттық музейі және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп ұйымдастырған бұл шара Сыр бойы мен Анадолы жұрты арасындағы тарихи-мәдени сабақтастықты жаңа қырынан көрсетті.

Мазмұнды жиынның ашылу салтанатында Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов алғысөз сөйлеп, оғыз мұрасының түркі өркениетіндегі стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ шараға Қазақстанның Түркиядағы Бас консулы Аманқұл Нұриддинов, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің өкілдері мен белгілі ғалымдар қатысты.
Пленарлық отырыс барысында мамандар оғыз тайпаларының этникалық қалыптасуы, Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардың урбанизациялық үдерістері және олардың қазіргі түркі әлеміне тигізген ықпалы төңірегінде соны деректерді жария етті.
Ғылыми пікірталастардан кейін қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Экспозицияға қойылған оғыз дәуірінің бірегей археологиялық жәдігерлері келушілерге бабалар мұрасын жақыннан тануға мүмкіндік берді. Кездесу аясында мәдени байланысты нығайтуға атсалысқан түрік тарапына облыс әкімінің Алғыс хаты мен Сырдың басты бренді — күріштен салынған ерекше картина табыс етілді.
Шараның рухани сәнін келтірген қобыз үні мен дәстүрлі жыр-термелер Ұлы Даланың өшпес мұрасын Анадолы төрінде тағы бір мәрте жаңғыртты.



