spot_img
HomeЖаңалықтар«Қияр күні: дәм мен дәстүр тоғысқан мереке»

«Қияр күні: дәм мен дәстүр тоғысқан мереке»

‌«Ас – адамның арқауы, береке – отбасының шамшырағы»

Қызылорда қаласында ерекше әрі дәмді мереке – Қияр күні алғаш рет аталып өтті. Бұл бастаманы «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы қолға алып, тұрғындарға көңілді әрі тағылымды шара сыйлады. Викториналық ойындар, шеберлік сағаттары мен тәжірибе алмасу сәттері мерекенің мәнін айшықтап берді.

Үй шаруасына шебер қыз-келіншектер мереке құрметіне қиярдың сан түрін тұздап үлгерді. Соның бірі – қала тұрғыны Ирина Махорина. Оның асханасы мен сөрелерін көз алдыңызға елестетсеңіз жеткілікті: банкілер самсап тұр.

«Таңертең бақшадан қиярды теріп аламын да, асықпай тұздаймын. Қызанақты да дәл солай. Осылайша бір маусымда 1200 банкі жабамын. Туыстарым, достарым көп, бәріне жетеді» – дейді ол.

Иринаның көршісі Галина Финансова да қыстың қамын жаздан жасап, ауласындағы жеміс-жидек, көкөністің берекесін көреді. Ол үшін ең қызығы – құрбыларымен бірге отырып банка жабу.

«Әжеміз де, анамыз да бәріне икемді болды. Солардан үйренгенімізді жалғастырып келеміз. Қыс түссе, қонақтарымызды дәмді тағаммен қарсы аламыз. Ең бастысы – дастарқанымыз мол, көңіліміз тоқ» – дейді ол.

Қияр – жай ғана көкөніс емес

Мереке аясында қиярдың тарихына қатысты қызықты деректер де айтылды. «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының жетекшісі Галина Щербакова:

«Бұрын қиярды тек бақша дақылы деп ойлайтынмын. Ал шындығында ол – жеміс. Оны үзіп алған бойда да, тұздалған күйінде де жеуге болады. Осындай ортақ істер бірліктің, сыйластықтың белгісі» – деп бөлісті.

Материал Qyzylorda TV телеарнасының деректері негізінде әзірленді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР