spot_img
HomeЖаңалықтарШиеліде Республика күні мен “Алтын күз” мерекесі аясында салтанатты шара өтті

Шиеліде Республика күні мен “Алтын күз” мерекесі аясында салтанатты шара өтті

Бүгін Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионда бірлік пен Тәуелсіздіктің нышаны – Республика күні және ырыс пен берекенің бастауы саналатын «Алтын күз – 2025» мерекесі кеңінен аталып өтті.

Алаңда сәні мен салтанаты келіскен киіз үйлер тігіліп, қолөнер көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемді жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көңілді думан мен шаттыққа толы мереке аясында аудан өнерпаздары театрландырылған көрініс ұсынып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай арнайы қатысып, аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерін атап өтті.

Сондай-ақ, мерекелік жиында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, аудан халқын қос мерекемен шын жүректен құттықтады:
-“Баршаңызды бірлік пен Тәуелсіздіктің белгісі болған Республика күнімен және ырыс пен берекенің бастауы – «Алтын күз — 2025» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жыл – ел тарихындағы ерекше кезең. Тарихы кемел, тамыры терең Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл және Қазақ атауының қайтарылғанына да 100 жыл толып отыр. Бұл – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді айқындайтын тарихи оқиғалар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еңбек адамына деген зор құрметтің айғағы. Бұл бастама – қоғамдағы еңбек пен еңбектің қадірін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осы орайда, қасиетті Шиелі жері де адал еңбек дәстүрін жалғастырып келеді. Топырағынан текті тұлғалар түлеп ұшқан, ел тарихына есімдері алтын әріппен жазылған 5 ғасыр адамы, 41 Социалистік Еңбек Ері мен 1 «Қазақстанның Еңбек Ері» шыққан Шиелі ауданы биыл да берекелі еңбектің үлгісін көрсетуде. Жақында облыс орталығында өткен «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасында Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда үздік аудан» номинациясын иеленді. Бұл жетістіктер – аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауы мен аудан халқының бірлігінің, еңбекқорлығының нәтижесі. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекелермен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, ырыс пен береке тілеймін!,”- деді аудан басшысы.

Мереке аясында ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосқан сала үздіктері марапатталып, шаруа қожалық төрағалары өз жұмысшыларына жаңа пәтер мен автокөліктің кілттері табысталды.

Сонымен қатар, қазақша күрес, гір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.Ал аудан өнерпаздары болса әсем ән мен әсерлі жырдан шашу шашып, мерекенің сәнін келтірді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР