Түркістанда қылқаламды тісімен ұстап, сурет салатын ерекше қыз бар. 16 жастағы Русалина Құрманованың қол-аяғы туғаннан икемге келмейді. Бірақ соған қарамастан, бойжеткен табиғаттың әсем көріністерін салғанды ұнатады, деп хабарлайды «Хабар» арнасы.

Павлодарда дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен Түркістанға тұрақтаған Русалинаның өмірі ақ қағазға түскен алғашқы бояу секілді. 4 жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған ол әлемді сүр түсте көруден бас тартқан.
«Арманым – танымал суретші болғым келеді. Көбінесе табиғатты салғанды ұнатамын. Себебі табиғат шексіз. Айтқым келгеннің бәрін осы суретпен жеткізгім келеді. Табиғат ашық, әдемі, кеңдеу. Сурет мен үшін – шексіздік. Келешекте суретші болғым келеді. Салған суреттерімді көрмеге ілгім келеді. Салған суреттерімді халыққа жеткізгім келеді», — дейді жас суретші Русалина Құрманова.
Ол үшін кенеп – шекарасы жоқ әлем. Алты жасында тісіне алғаш рет қылқалам іліккенде Русалина болашақта суретші болатынын сезді. Бүгінде оның қоржынында «Сен таланттысың» байқауының бас жүлдесі, «Тау фест» жобасының марапаты мен түрлі облыстық, республикалық байқаулардың медальдары бар.
Русалина тек суретші емес, ол – үздік оқушы. Әдебиет әлеміне ғашық, кітапқұмар және әуезді әнші. Ішіндегі мұңды әнмен емес, бояумен жеткізеді. Оның әрбір туындысы үнсіз айтылған монолог іспетті.
«Бұл қыздың жүрегі нәзік, өзінің әлемі бар. Өте мейірімді. Бізге айта алмаған сырлары, өзінің жүрегіндегі тебірентетін ойлары-ақ қағаздың бетіне түрлі бояулармен әр түрлі суреттер болып түседі. Жақсы көрген дүниелерінің бәрін суреттің бетіне түсіреді. Балалармен қарым-қатынасты да жақсы жасайды», — дейді әдіскер Жанар Тәженова.
«Шұғыла» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы Русалина үшін жай ғана мекеме емес, шығармашылық шеберхана. Мұнда ол табиғаттың әрбір сәтіне таңырқап, ақ қағазға жан бітіреді. Өмірді өнерімен сөйлетеді.
«Балаларымыз үйірмелерге қатысады. Бұндағы негізгі мақсат – келіп, түрлі-түсті бояуларды пайдаланып, балаларымыз сурет салады. Біз табиғат аясына шығып, сурет салғанды ұнатамыз. Мольберттерімізді алып, балаларымыз мәз-мейрам болып, табиғат аясында сурет салғанды жақсы көреді. Сондай-ақ орталық мұндағы балалардың сенсорикалық дағдылары қалыптасуына үлкен септігін тигізеді», — дейді орталық директоры Ләззат Есназарова.
Русалинаның арманы асқақ. Ол болашақта әлемдік көрмелерге қатысып, адамдарға мейірімнің түсін көрсеткісі келеді. Оның суреттерінде қара түс жоқ. Өйкені ол әлемге ғашық. Өзіне бақыт сыйламаған тағдырға өз суреттерімен бақыт сыйлағысы келеді. Себебі нағыз өнер үшін қолдың болуы шарт емес, жүректің соғысы жеткілікті.
Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш



