Жаңақорған ауданында таңертеңнен дауыс беру учаскелеріне ағылған халықтың қарасы қалың болды. Ел тарихындағы маңызды таңдау жасалатын сәтте жаңақорғандық жас жұбайлар Абуали Әзімханұлы мен Алтынай Мақсатқызының қадамы көпшілікке үлгі болды. Олар №340 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. “Біз үшін бұл күн — тек отбасылық өмірдің бастауы ғана емес, ел үшін маңызды бастамаға қосқан алғашқы үлесіміз ретінде есте қалмақ”, дейді жас жұбайлар.

Ал Түгіскен ауылында Атымтаевтар әулетінің ибалы келіндері референдум учаскесіне бір мезетте жиылып келді. Шаңырақтың берекесін арттырып отырған келіндердің бұл қадамы ауыл тұрғындарының арасында қызығушылық тудырды. Бұл сәт Түгіскен жұртының ел ертеңі үшін ауызбіршіліктен айнымайтынын паш етті.

Референдумнан ел экономикасының күретамыры саналатын теміржолшылар қауымы да қалыс қалмады. Талап ауылдық округіндегі №316 учаскеде Бесарық бекетінің кезекшілері, Қызылорда жол дистанциясының (ПЧ-57) мамандары мен электрмен жабдықтау саласының қызметкерлері ұжыммен бірге келіп, өз таңдауларын жасады.

Осылайша, жаңақорғандықтар Референдумда ерекше белсенділікпен көзге түсті.



