spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарӨндіріс пен өсім: Жаңақорған аграршыларының табысты қадамы

Өндіріс пен өсім: Жаңақорған аграршыларының табысты қадамы

Jaqtime.kz«Бекарыс-Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – бүгінгі таңда өңірдегі аграрлық секторды өркендетуге сүбелі үлес қосып отырған қарқынды шаруашылықтардың бірі. Жұмыс сапары барысында Жаңақорған ауданына аяқ басқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев аталған серіктестіктің асылтұқымды мал шаруашылығы бойынша атқарып жатқан ауқымды тірлігімен жақын танысты.

 

Негізгі бағыты ретінде төрт түлік пен егін шаруашылығын қатар алып жүрген бұл кәсіпорында қазіргі уақытта 10 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің өндірістік базасы заман талабына сай жабдықталған, онда 1 000 бас малға арналған арнайы бордақылау алаңы мен тәулігіне 10 бас мал союға мүмкіндігі бар заманауи пункт кедергісіз жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда шаруашылық иелігінде 864 бас ірі қара, 300 бас жылқы, 4 077 бас қой, 211 бас түйе және сапалық көрсеткіштерді арттыратын 668 бас асылтұқымды ірі қара өсірілуде. Сонымен қатар, кәсіпорын өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 1 500 гектар жайылымдық және 300 гектар суармалы жерді тиімді пайдаланып келеді. Биылғы егіс науқанында шаруалар 67 гектарға аймақтың басты дақылы күрішті, 50 гектарға күздік бидайды және 50 гектар алқапқа жоңышқа егіп, өнімділікті арттыруға белсене кірісті. Серіктестіктің қазіргі тыныс-тіршілігін, материалдық-техникалық базасын және келешек жоспарларын саралаған аймақ басшысы шаруашылықтың өндірістік мүмкіндіктеріне оң баға беріп, тиісті сала басшыларына саланы әрі қарай қолдау мен инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, Жаңақорған ауданы – облыстағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан жетекші аудандардың бірі. Бұл өңірде биылғы маусымда диқандар жалпы көлемі 36 077 гектар жерге егін егіп, оның ішінде 6 756 гектарын күріш алқабы құрады. Жыл басынан бері атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 7 млрд 427 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,5 пайызды құрап, тұрақты өсім динамикасын көрсетті. Өңірдегі су ресурстарын үнемдеу және ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында да батыл қадамдар жасалуда. Осы мақсатта ылғалды көп қажет ететін күріш көлемі 600 гектарға қысқартылып, оның орнына озық су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 2 370 гектар жерге өзге де сұранысқа ие дақылдар орналастырылды.

Сондай-ақ, өңірдің мал шаруашылығы саласында да жоғары көрсеткіштер мен оң өзгерістер байқалады. Жыл басынан бері жергілікті өндірушілер 4 236,5 тонна ет, 3 769,6 тонна сүт және 917,1 мың дана жұмыртқа өндіріп, ішкі нарықты сапалы жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы есепте 75 мыңнан астам ірі қара, 286 079 бас қой мен ешкі, 29 470 бас жылқы, 2 098 бас түйе және 18 411 бас құс бағып-қағылуда. Аграрлық сектордың бұл серпінді дамуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және тұтас облыс экономикасының орнықты тірегіне айналуына берік негіз қалап отыр.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР