Jaqtime.kz Бүгінгі таңда қаржылық сауаттылық — тек кіріс пен шығысты есептеп, тапқан табысты үнемдеумен шектелмейді. Жаһандық цифрландыру дәуірінде бұл ұғымның мазмұны түбегейлі өзгерді: қазіргі қаржылық сауаттылықтың ең басты тірегі — цифрлық гигиена мен киберқауіпсіздік. Заманауи алаяқтар заңды белден басып, адамның қаржылай амандығына көз алайтқанда, ең бірінші олардың психологиялық сабырсыздығы мен цифрлық білімсіздігін пайдаланады. Ақшаны табу бір бөлек, ал оны виртуалды кеңістіктегі қитұрқы алаяқтардан аман сақтап қалу — әрбір азаматтан жоғары жауапкершілік пен заманауи білімді талап етеді.

Фото (ЖИ)
Өңірдегі ахуал: Дипфейк өршіп тұр
Қызылорда облысында жыл басынан бері киберқылмыс деңгейі 5 пайызға азайғанымен, алаяқтықтың түрі мен амалдары еселеп көбейіп, 400-ден астам қылмыс тіркелді. Айласы жоғары алаяқтар заманауи жасанды интеллект мүмкіндіктерін өз пайдасына жаратып, дипфейк жасап, азаматтардың жеке деректерін қолды етуде. Бұл жағдай құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Осыған байланысты өңірде қылмыстың алдын алу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар еселеп күшейтілді. Облыстық полиция департаменті Киберпол басқармасы бастығының орынбасары Тимур Хамитов интернетте адамның түрі мен дауысын алып, жалған түрде сөйлетіп қоятын дипфейктердің кең тарағанын айтты. Тәртіп сақшысы мұндай қулыққа алданбау үшін, егер танитын адам хабарласып күмәнді өтініш білдірсе, міндетті түрде өзінің ұялы телефонына қайта соғып, көз жеткізу керектігін ескертті.
eGov жаңашылдығы: Ақпараттық сауаттылық — басты қалқан
Интернет-алаяқтықтан сақтанудың басты жолы — цифрлық сауаттылық. Осы орайда мамандар eGov мемлекеттік платформасын белсенді пайдалануға кеңес береді. Облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы Ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Нұржан Жәкешов оқырманға eGov платформасындағы жаңашылдықтарды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Маманның айтуынша, бұған дейін бөлек-бөлек жұмыс істеп келген «Nomad Guard» және «Citizen Safe» платформалары енді eGov экожүйесінің ішіне толықтай біріктірілген. Бұл азаматтар үшін өте қолайлы: бір ғана қосымша арқылы кез келген тұрғын өзінің жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін тексеріп, кибершабуылдан қорғануды мүлдем тегін үйрене алады. Платформа ішінде ең көп таралған phishing (фишинг), яғни күмәнді сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлау, заңсыз сайттарға өтіп кетпеу және күнделікті цифрлық гигиенаны сақтау бойынша арнайы видеосұхбаттар мен интерактивті сабақтар орналастырылған. Тұрғындар бұл материалдарды көріп, білімін шыңдағаннан кейін арнайы тестілеуден өтеді. Тестті сәтті аяқтаған әрбір оқырманға цифрлық сауаттылығын растайтын ресми сертификат беріледі. Бұл — әр азаматтың өз қаржысы мен жеке дерегін өз бетінше қорғай алуына жасалған үлкен мүмкіндік.
«Киберполигон» мен инновация: Жас IT-мамандардың серпіні
Киберқылмыспен күреске Сыр өңірінің ғалымдары мен студенттері де белсене үлес қосуда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетанің Жасанды интеллект институты болашақ IT-мамандарды даярлайтын виртуалды киберполигон әзірледі. Институт директоры Нұрлан Құлмырзаевтың айтуынша, бұл оқу-тәжірибелік орталықтың басты артықшылығы — студенттерге құр теориямен шектелмей, нақты симуляциялық жағдайда шыңдалуға мүмкіндік беретіндігінде. Білім алушылар бір платформа аясында шабуылдаушы тарап ретінде Kali Linux, ал қорғанушы тарап ретінде Parrot операциялық жүйелерін қолданады. Бұл әдіс студенттерге алаяқтар мен хакерлердің шабуыл жасау логикасын іштен түсінуге және оған қарсы тиімді қорғаныс тактикасын құруға жол ашады. Нұрлан Құлмырзаев меңзеген мұндай практикалық жүйелер — елімізде білікті де бәсекеге қабілетті киберқауіпсіздік мамандарын даярлаудың ең төте жолы. Виртуалды симуляциядан өткен жас мамандар болашақта банк секторында, мемлекеттік органдарда және құқық қорғау құрылымдарында жұмыс істеп, күрделі кибершабуылдарды алдын ала анықтауға, жүйедегі әлсіз тұстарды дер кезінде жоюға және кез келген цифрлық агрессияның жолын кесуге толық қауқарлы болады. Сонымен қатар, осы институт студенттері Нұрбек Әбілдаев пен Нұрбол Оңалбеков қауіпті сайттарды бұғаттап, алаяқтардың IP-адресі мен нақты геолокациясын анықтайтын инновациялық браузерлік қосымша ойлап тапты. Компьютер мен смартфонға орнатылатын бұл жүйе қаржылық операциялардың қауіпсіздігін еселеп арттырады. Жас технократтардың бұл туындысына Облыстық прокуратура, Полиция департаменті және Киберполиция үлкен қызығушылық танытып, пилоттық режимде іске қосуға ұсыныс білдіріп отыр.
Жеке жауапкершілік — қауіпсіздік кепілі
Түйіндей айтқанда, қаржылық қауіпсіздік — сырттан келетін қорғанысқа емес, ең алдымен әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне сүйенеді. Құқық қорғау органдары қанша жерден бақылауды күшейтіп, IT-мамандар бөгет қойғанымен, егер адам өзінің құпия кодтары мен жеке деректерін бөгде жанға ұстата салса, кез келген технология қауқарсыз. Жасанды интеллект шарықтаған заманда ең мықты киберқамал — сіздің салқынқандылығыңыз бен цифрлық сауаттылығыңыз. Сондықтан белгісіз сілтемеге өтпеу, бейтаныс бейнеқоңырауға бірден сенбеу және құпия SMS-кодтарды ешкімге жария етпеу — әр шаңырақтың қаржылық амандығы мен аман-саулығының басты кепілі болуы тиіс.
Нұрлан Жақыпбеков



