Jaqtime.kz Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы оқу жылының 23-30 қыркүйек аралығында еліміздегі мектептердің 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді.

2026-2027 оқу жылында бастауыш сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіліп, бір-бірін толықтыратын болады. Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша ұйымдастырылады және оның форматы пәнге байланысты әртүрлі болып келеді:
-
Қазақ/орыс тілі: Диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар арқылы оқушының мәтінді сауатты жазуы мен мазмұнын түсінуі бағаланады.
-
Әдебиеттік оқу: Шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығы тапсырмалары арқылы мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу қабілеті ескеріледі.
-
Математика: Бақылау жұмысы есептеу дағдыларымен қатар, есеп шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу деңгейін анықтайды.
Әрбір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы 40 минутты құрайды. Ең жоғары балл мөлшері сыныптар бойынша сатылы түрде белгіленген: 2-сыныпта – 12 балл, 3-сыныпта – 14 балл, ал 4-сыныпта – 16 балл. Сонымен қатар министрлік талабы бойынша, егер каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды. Ал 1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.
Ал формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасып, педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалауы тиіс. Бұл ретте тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызы қамтылып, нәтиже 1-10 балдық өлшем жүйесі бойынша қойылады.
Ведомство бұл жүйенің негізгі мақсаты – балаға тек қатаң баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беретін тиімді кері байланыс құралына айналдыру екенін атап өтті.



