Jaqtime.kz Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Бірлікке үн қосқан» республикалық этномәдени бірлестіктер фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ ұйымдастырған бұл шара аймақтағы түрлі этнос өкілдерінің ұлттық өнерін дәріптеп, елдегі достық пен ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді.

Мәдени жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен салтанатты түрде ашылды. Шараның беташарында сөз алған «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ директоры Бақытжан Камалов фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеп, еліміздегі рухани келісім мен татулықтың өнер арқылы өркендеуінің маңызына тоқталды.
Республикалық жобаның облыстық кезеңінде өнерпаздар бекітілген бес негізгі номинация бойынша өз шеберліктерін ортаға салды.
«Қазақ тіліндегі үздік орындаушы» бағытында кәріс этномәдени бірлестігінен Камила Жакупова мен Ольга Ким «Таңдағаным» әнін шырқаса, «Славяне» бірлестігінің өнерпаздары Ирина Каратицкая мен Галина Халилова «Жан досым» әнін, ал татар бірлестігінен Елена Ишканова өз өнерін көрерменге ұсынды. «Үздік орындаушы» номинациясында Ольга Ким «Hurt» әнін орындап, Камила Жакуповамен бірге сахнаға қайта көтерілсе, Борис Птицын «Играй гармонь» композициясымен, сондай-ақ Гульюзум Кокшарова да өз шеберліктерін көрсетті.
Аспаптық өнер бағыты бойынша өрбіген «Үздік аспаптық шығарма» номинациясында кәріс бірлестігінен Маргарита Егай, «Орыс қауымдастығынан» Маржан Досжанова «Кербез керік» туындысымен, «Славяне» бірлестігінен Юрий Трышкин және татар бірлестігінен Айсара Кылышбаева өнер көрсетті.
Фестивальдің келесі бөлігі саналған «Үздік шығармашылық ұжым» номинациясында «Славяне» бірлестігінің «Сударушки» вокалдық ансамблі «Валенки» мен «Мой Казахстан» әндерін шырқаса, Александр Абанин «Шудың бойында» әнін орындады. Сонымен бірге танымал «Лошкари» шығармашылық ұжымы мен татар этномәдени бірлестігінің «Сарман» тобы өз өнерлерін ортаға салып, залдағы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мәдени шара соңында «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ директоры Бақытжан Камалов сахналық мәдениетімен, орындаушылық шеберлігімен көзге түскен өнерпаздар мен ұжымдарды арнайы марапаттады.
Фестиваль барысында орындалған барлық концерттік нөмірлер таспаға түсіріліп, республикалық ұйымдастырушыларға жолданды. Арнайы комиссияның іріктеуінен өткен үздік ұжымдар мен жеке орындаушылар Астана қаласында өтетін қорытынды гала-концертке қатысатын болады.



