Jaqtime.kz Қызылорда облысының Қазалы ауданында балабақша есепшісі өз шотына заңсыз жоғары жалақы аудару арқылы бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікке ілінді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде балабақша есепшісі төрт жыл бойы штаттық кестеде бекітілген мөлшерден тыс қосымша қаражатты өз банктік шоттарына негізсіз аударып отырғаны анықталды. Осылайша мемлекетке 21,5 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс одан әрі тергеу амалдарын жүргізу үшін Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Тергеу амалдары жалғасуда.



