spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖаңақорғанда ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді

Жаңақорғанда ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді

Jaqtime.kz Өмірдің әрбір белесі – өзінше бір әлем болса, соның ішінде қарттық шақ – парасат пен даналықтың, сабыр мен салмақтылықтың биік шыңы. Ғасырлар бойы бабаларымыз «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп, егде тартқан аға буынды төрге оздырып, батасын алуды ұрпақтың басты парызы санаған. Әсіресе, ұлттың ұйтқысы, шаңырақтың берекесі, мейірімнің сарқылмас бұлағы болған ақ жаулықты аналарымызға деген құрмет – қазақ елінің сүйегіне сіңген қасиетті дәстүр. Ана – әр үйдің шырағы, ұрпақты ізгілікке баулып, тыныштық пен бірліктің, ізгілік пен ізеттің берік діңгегін қалаушы.


Халықаралық қарттар күні – бұл жай ғана күнтізбедегі мерекелік дата емес. Бұл – өмірлік жолында ұшан-теңіз еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан, кейінгі ұрпаққа өнегелі із қалдырған ардақты аға-апаларымызға тағы бір мәрте тағзым ететін, олардың маңдай тері мен мейіріміне тағзым қылатын айтулы сәт. Осындай шуақты мереке қарсаңында аға буынға деген ыстық ықылас пен шынайы ізеттің айқын көрінісі ретінде ауданымызда мазмұнды шаралар өтті.
Мерекеге орай аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бастаған азаматтар арнайы ізет білдіріп, мерекелік құттықтау сапарын ұйымдастырды. Бұл күні аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебінде тұрған, елдің құрметіне бөленген қазыналы қарт аналарымыз – Құлымбетова Рая Жамалқызы, Айтекеева Гүлжан Абытбекқызы және Жолдыбаева Айшагүл Сұлтанқызының шаңырақтарына арнайы барып, мерейлі мерекелерімен құттықтады.


Аудан басшысы ақ жаулықты аналарға жүрекжарды ізгі тілектерін арнап, ыстық ықыласқа толы құттықтау хаттары мен мерекелік сый-сияпаттарын табыс етті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, аға буынға көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жастарды патриотизмге тәрбиелеу сияқты маңызды мәселелер де сөз болды. Аудан басшысы аналардың денсаулығын сұрап, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына да ерекше назар аударды.
Өздеріне көрсетілген мұндай жоғары құрмет пен жылы ықыласқа ризашылықтарын білдірген қарт аналар өткен күннің тағылымды естеліктерімен бөлісті. Өмірдің талай асуларынан өтіп, еңбекте шыңдалған, ұрпақ өсіріп, өнегелі отбасын құрған аналарымыз өз сөздерінде елдің амандығын, халықтың ынтымағы мен жұрттың тыныштығын тиек етті. Ақ жаулықты аналарымыз қолдарын жайып, еліміздің болашағы жарқын болуын, жастарымыздың білімді де парасатты болып өсуін тілеп, ақ баталарын берді.


Шын мәнінде, қариясы бар ел – қазыналы ел. Кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап, ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап отырған ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды ардақтау – баршамыздың ортақ борышымыз. Үлкенге құрмет көрсету, олардың өмірлік өнегесін дәріптеу – кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі, ұлттық рухымыз бен елдік дәстүріміздің айқын көрінісі болып қала береді. Ардақты аналарымыздың амандығы мен елдің тыныштығы мәңгі болғай!

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР