Jaqtime.kz Қызылорда облысы Жаңақорған кентіндегі М. Көкенов атындағы мәдениет үйінде Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз — аты биік, әрі мәңгілік» атты салтанатты жиын өтіп, рухани кеш ұстаздардың ерен еңбегін ұлықтаған айтулы оқиғаға ұласты. Мерекелік шараның шымылдығы ерекше басталып, келген қонақтар «Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндіктер» атты арнайы көрмемен танысты. Мұнда заманауи технологиялардың білім беру саласындағы ұшан-теңіз мүмкіндіктері жан-жақты көрсетіліп, цифрлық дәуірдің озық үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек сөз алып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ұлт болашағын қалыптастыру жолындағы абзал жандардың еңбегі әрдайым ерекше бағаланатынын атап өтіп, бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

– «Құрметті ұстаздар, қадірлі сала ардагерлері! Сіздерді төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы тұлға. Біздің басты мақсатымыз – әрбір балаға қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Осы мақсатта өңіріміздегі екі білім беру ошағы, атап айтқанда №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепке 160 млн теңге, ал №245 Ақсуат ауылындағы орта мектепке 103 млн теңге қаржы бөлініп, толықтай қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры арқылы 240 млн теңгеге ауданымыздағы 8 білім ошағының химия, физика және биология кабинеттері заманауи жабдықтармен толықтай қамтылды. Өткен оқу жылында ауданымыздың 10 білім беру ұйымы білім, тәрбие, спорт, олимпиадалық дайындық, кәсіби бағдар және басқа да бағыттар бойынша арнайы номинацияларға ие болды. Мерейлі күнде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!» – деді аудан басшысы.

Мерекелік кештің ең маңызды сәті – марапаттау рәсіміне ұласты. Онда өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және аудан әкімінің Құрмет грамоталары, сондай-ақ облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. Бұдан бөлек, білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер «Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы медалімен марапатталып, құрметке бөленді.

Ұстаздарға деген шексіз алғыс пен ізгі тілектерге толы бұл кеш аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлының арнайы тартуы – Түркістан қаласынан келген «Конгресс-холл» көпсалалы кешені өнерпаздарының керемет концерттік бағдарламасына жалғасты. Сахна төрінде шырқалған әсем әндер мен мың бұралған билер кештің көркін қыздырып, ұстаздар қауымына ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.



