Jaqtime.kz Ішкі істер министрлігі елімізде күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтардың жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото (Polisia.kz)
Қазан айында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Көкшетау, Щучинск, «Бурабай», сондай-ақ Қарағанды мен Теміртау қалаларында жалпы саны 21 күдікті ұсталды.
Ақмола облысында фармацевтика компанияларының иелері, қызметкерлері мен курьерлерден тұратын 11 адам қолға түсті. Тінту барысында 50 мыңнан астам «Тропикамед» құтысы, 4 мыңға жуық басқа да препарат, атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі шетел валютасы тәркіленді. Ал Қарағанды облысында жергілікті қылмыстық ортаның 10 өкілі ұсталып, олардан психоактивті заттар, травматикалық және суық қару алынды.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, бұл қылмыстар адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі уақытта аталмыш деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, ал министрлік бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыра береді.



