Jaqtime.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді газдандыру қарқынын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу міндетін қойды. Осы бағытта Жаңақорған ауданында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже және Билібай ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоба әзірленген болатын. Аталмыш жоба «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ инвестициялық бағдарламасына енгізіліп, 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.

Жақында Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан Қожакент ауылында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен тікелей танысты.
Жоба аясында Қожакентке дейін 33,037 шақырым жоғары қысымды газ құбыры және ауылішілік 34,707 шақырым төмен және орта қысымды газ тарату желілері салынады. Құрылыс жұмыстарын «УНИВЕРСАЛСТРОЙСЕРВИС» ЖШС атқаруда. Бүгінгі таңда жоғары қысымды магистральдық газ құбырының 32,5 шақырымы тартылып, ауылішілік газ желілерінің 10 шақырымы төселді.
Сонымен қатар, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық және Қыркеңсе ауылдарында газ реттеуіш пункттерін орнату көзделген. Бұл елді мекендерді газдандыру жұмыстары 2027–2030 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Тексеріс барысында аудан басшысы жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, белгіленген мерзімде аяқтауды және жұмыс қарқынын түсірмеуді қатаң тапсырды.



