Jaqtime.kz Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәртібі кезең-кезеңімен өзгере бастады. Енді азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі ұзартылып, алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді беру мерзіміне де өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

(Фото ЖИ)
Вице-министрдің айтуынша, жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмысқа орналастыруға көрсетілетін көмекті нақты адамға бағыттап, оның сапасын арттыру. «Ең бастысы, көрсетілетін қолдау азаматтың іс жүзінде жұмысқа орналасуына бағытталады», – деді ол.
13 күн ішінде не өзгереді?
Бұған дейін азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күн болса, енді бұл кезең 13 күнге дейін ұзартылды. Осы уақытта мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек тәжірибесін, дағдылары мен қажеттіліктерін егжей-тегжейлі анықтайды. Оның бейіні нақтыланып, лайықты бос жұмыс орындары іріктеледі және жұмыс берушілермен байланыс орнатылады.
Осылайша, азаматтың мансап орталығына жүгінуі жай ғана тіркеу рәсімі ретінде қаралмайды. Бұл азаматты жұмысқа орналастырғанға дейін сүйемелдеуді қамтитын толыққанды жұмысқа орналасу процесі болмақ. Министрлік бұл тәсіл азаматтарға өзіне қажетті бағыт бойынша жеке кеңес алуға, лайықты бос жұмыс орындарымен танысуға көбірек мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әлеуметтік төлем қашан үш аймен шектеледі?
Эльдар Күзенбаевтың айтуынша, 1 қазан – жұмыспен қамту қызметінің жұмысын жетілдіру кезеңі басталған күн. Ал әлеуметтік төлемнің төлену мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін болады (бұған дейін мұндай төлем алты айға дейін төленетін). Дегенмен, жаңа талап бұрын тағайындалған төлемдердің мерзімін кері қысқартпайды. Яғни, 2026 жылғы 31 желтоқсанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отырған азамат бұл қаражатты бұрын белгіленген мерзім аяқталғанға дейін толық алады.
2026 жылдың қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 314 455 адам алды. Оларға жалпы 100,8 млрд теңге төленді, ал әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 102 896 теңгені құрады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде 444,6 мың жұмыссыз бар, ал жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрап отыр.
Жұмыссыздықты азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Министрлік жұмыссыздықты азайту мақсатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыруда:
-
Қысқа мерзіми кәсіптік оқыту: Азаматтарды жаңа мамандықтарға даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүргізіледі. Оқу ұзақтығы 6 айдан аспайды және skills.enbek.kz платформасы арқылы жүзеге асырылады.
-
Кәсіпкерлік бастамаға қолдау: Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК-ке дейін (шамамен 1 730 000 теңге) өтеусіз және қайтарымсыз гранттар беріледі.
-
Субсидияланатын жұмыс орындары: Қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, түлектерге арналған ай сайынғы субсидиясы 30 АЕК болатын «Жастар практикасы» және 50 жастан асқан азаматтарға арналған 3 жылға дейін субсидияланатын «Күміс жас» жобалары жұмыс істейді.
Ақпарат көзі: BAQ.KZ



