Jaqtime.kz Сыр өңірі — ғасырлар бойы түрлі этностардың басын бір арнаға тоғыстырып, татулық пен достықтың ордасына айналған берекелі өлке. Осы бірліктің берік діңгегін одан әрі нығайтқан тағы бір маңызды шара бүгін «Арай парк» террасасында өтті. Облыстық Корей орталығы ұйымдастырған Корей мәдениеті фестивалі Сыр жұртшылығына ерекше рухани кеш сыйлады.

Қазақстан топырағына корей этносының қоныс аударуы — тарихтың күрделі әрі тағылымды парағы. Кезінде тағдырдың жазуымен Сыр бойына аяқ басып, қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімінің арқасында жаңа өмір бастаған бұл этнос бүгінде еліміздің, соның ішінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына өзіндік өрелі үлесін қосып келеді.

Фестивальге этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, мекеме қызметкерлері, корей қауымдастығының белсенділері мен ардагерлері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері белсене қатысты.

Салтанатты шараның ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ директоры Бақытжан Камалов алғы сөз сөйлеп, өңірдегі этносаралық татулықтың маңызына тоқталды. Бұл тілекті қоғам қайраткері, ардагер Рахима Ахметова мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары одан әрі жалғап, корей қауымдастығының ел дамуындағы орнын жоғары бағалады және кештің айрықша атмосферасын ерекше атап өтті.

Ақпараттық-танымдық бағыты басым болған фестивальде корей этносының салт-дәстүрлері де кеңінен насихатталды. Бірлестік белсендісі Виктория Югай жиналған қауымға ұлттық әдет-ғұрыптар туралы мағлұмат беріп, көрермендер арасында викториналық сұрақтар қойды. Ал бірлестік мүшелері корей этносының құда түсу салтын сахналық қойылым арқылы көрермен назарына ұсынып, дәстүрдің терең мағынасын ашып көрсетті.
Мерекелік кеште аға буын өкілдеріне деген ерекше құрмет сезілді. Корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Елена Ан жиналған қонақтарға шынайы ризашылығын білдіріп, бірлестік ардагерлеріне арнайы алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. Бұл — ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.
Фестиваль барысында сөз алған корей этномәдени бірлестігінің ардагері, қоғам қайраткері Ирина Ким этнос тарихының тереңіне бойлап, өткенге тағзым ете отырып, келер жылы жүзеге асатын ауқымды әрі мазмұнды жобаларға шолу жасады.
Мәдени шараның көрігін қыздырған келесі бөлім — кең көлемде ұйымдастырылған корей асханасы мен қолөнер жәрмеңкесі еді. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Кештің көркін аша түскен жастар мен бірлестік белсенділерінің, сондай-ақ аға буын өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасы жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.



