Jaqtime.kz Жаңақорған ауданында алдын ала жоспарланған кешенді шаралар аясында елді мекендерді, ауыл шаруашылығы жерлері мен инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан аман алып қалу, қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттардың ішінде гидрологиялық қауіп-қатерлердің алдын алу – халықтың қауіпсіздігін, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты және инфрақұрылымдық бүтіндікті қамтамасыз етудің ең негізгі кепілі болып табылады. Уақытында қабылданбаған шаралар немесе инфрақұрылымдағы кішігірім ақаудың өзі үлкен апаттарға, елді мекендерді су басуға және материалдық шығындарға әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті де, алдағы кезеңдерге дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізу, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін ұдайы бақылауда ұстау – жергілікті атқарушы органдар мен тиісті сала басшыларының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Ауданда болуы ықтимал су тасқынының алдын алу, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендерді су басу қаупін төмендету бағытындағы кешенді жұмыстар жаңа серпінмен күшейтілуде. Аудан аумағындағы су жүйелерінің өткізу қабілетін арттыру және апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті практикалық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Жергілікті биліктің басты назарында – бұған дейін орын алған су тасқыны кезінде зақымданған инфрақұрылымдық нысандарды толық қалпына келтіру мәселесі. Ақүйік өзенінде су шайған шлюздер мен Көлтоған су қоймасынан Шұқырой көліне бағытталатын шлюздердің жекелеген учаскелері зақымданған болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттарда апаттық-қалпына келтіру және нығайту жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілуде. Аталған гидротехникалық құрылыстардың істен шығуы немесе толық қуатында жұмыс істемеуі су тасқыны қаупін еселей түсетіндіктен, бұл объектілерді жөндеу кезек күттірмейтін стратегиялық шара болып табылады.

Айта кету керек, аталған маңызды жұмыстар әлеуметтік жауапкершілік аясында «Горнодобывающая компания Хонда» мекемесінің демеушілік қолдауымен жүзеге асырылуда. Жеке сектор мен жергілікті билік арасындағы мұндай нәтижелі серіктестік ауданның қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, төтенше жағдайлардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Бизнес өкілдерінің елді мекендердің амандығына көңіл бөліп, осындай маңызды жобаларға қолдау білдіруі құптарлық бастама. Жақында аудан әкімі аталған гидротехникалық нысандарға арнайы барып, жүргізіліп жатқан құрылыс-жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен жеке танысты.

Нысан басында әкім мердігер ұйым өкілдерімен, инженерлермен және салалық мамандармен кездесіп, атқарылған істердің аралық нәтижелерін сараптады. Аралау қорытындысы бойынша аудан басшысы жауапты сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса мән беруді, гидротехникалық нысандардың беріктігін қамтамасыз етуді, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды және белгіленген жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды. Елді мекендердің қауіпсіздігі мен тұрғындардың амандығы әрдайым басты назарда болатындықтан, алдағы кезеңдерде апатсыз әрі аман-есен өту үшін бұл бағыттағы бақылау мен ұйымдастыру жұмыстары үздіксіз жалғасады.



