spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖаңақорған: “Таза Қазақстан” шарасы өтті

Жаңақорған: “Таза Қазақстан” шарасы өтті

Тазалық – жай ғана сыртқы көріністің айнасы емес, ол – елдің мәдениеті мен санасының көрінісі. Бүгінгі таңда елімізде кеңінен өріс алып, жалпыұлттық қозғалысқа айналған «Таза Қазақстан» акциясы осы бір қарапайым, бірақ терең ақиқатты әрбір азаматтың санасына сіңіруді көздейді. Осы бастаманың жарқын жалғасы ретінде Жаңақорған ауданында өткен «Таза өлке – ортақ жауапкершілік» атты экологиялық шара аймақ тұрғындарына үлкен ой салды.

Туған өлкеге кіреберіс саналатын, ауданның өзіндік визит карточкасы әрі күретамыры – Жаңақорған–Шалқия автожолының бойы бұл күні ерекше қарбаласқа толы болды. Жол жиегіндегі шашылған күрес-қоқысты тазалап, айналаны ретке келтіру мен абаттандыру жұмыстарына 50-ге жуық белсенді жас пен «Жаңарған Жаңақорған жастары» ұйымының мүшелері біркісідей жұмылды. Олар тек қолдарына сыпырғыш пен қап алып қана қоймай, іс-әрекеттерімен қоғамға, әсіресе аға буын мен өскелең ұрпаққа үлкен экологиялық мәдениеттің үлгісін көрсетті. Айналаны таза ұстау – мемлекеттің немесе арнайы коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес, әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін жастар өз еңбектерімен дәлелдей білді.
Экологиялық сауаттылық пен туған жерге деген сүйіспеншілік бос сөзбен емес, осындай нақты істермен өлшенеді. Жаңақорғандық жастардың бастамасы аудан аумағын көркейтуге қосқан елеулі үлес қана емес, қоршаған ортаға деген жанашырлықтың шынайы көрінісі. Таза орта – елдің көркі мен берекесінің кепілі. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, әрбір азамат өзі жүрген жерді таза ұстап, табиғатты қорғауға үлес қосса, туған өлкеміздің ажары одан әрі ашыла түсері хақ. Жаңақорғанда өріс алған бұл игі шара елді мекендердің тазалығын сақтап қана қоймай, өңірде жаңа экологиялық дәстүрдің берік қалыптасуына жол ашты.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР