spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖаңақорғанда отандық өнімді қолдау мен баға тұрақтылығы басты назарда

Жаңақорғанда отандық өнімді қолдау мен баға тұрақтылығы басты назарда

Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілістің күн тәртібіндегі «Отандық тауарларды қолдау және ілгерілету» бағытындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппараттық жиын болып өтті. Жиын барысында өңірдегі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға қатысты бірқатар түйінді мәселелер жан-жақты талқыланды. Аудан басшысы өз сөзінде ішкі нарықта отандық өнімдерді тұтыну көрсеткішін көтеру, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласына басымдық беру керектігін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда аудан орталығындағы 17 сауда орнында кәсіпкерлердің өзара келісімімен арнайы сөрелер ұйымдастырылып, жергілікті жерде өндірілген тауарлардың сатылымы жолға қойылғаны белгілі. Алайда, атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, бұл бағыттағы әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай отырғаны байқалады. Аудан әкімі бұл саланың маңыздылығын ескеріп, жауапты сала басшыларына жұмысты жандандыруды, отандық өнімдердің қолжетімділігін арттыру бойынша қосымша тиімді шаралар қабылдауды жүктеді.

Сонымен қатар, жиында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы да зерделенді. Биылғы жылы бұл жоба аясында жалпы құны 879 миллион теңгені құрайтын 93 жобаны іске асыру межеленген болатын. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 270 миллион теңгені құрайтын 25 жобаның ресми өтінімі жолданды. Аудан әкімі жауапты бөлім басшылары мен барлық ауылдық округ әкімдеріне мемлекет ұсынып отырған қолдау тетіктерін халық арасында кеңінен түсіндіріп, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – халықты алаңдататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау және негізсіз қымбаттаудың алдын алу шаралары болды. Бүгінгі таңда Жаңақорған кентіндегі 13 сауда үйімен арнайы меморандум жасалып, бұл нысандарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесі 10 пайыздан аспауы тиіс екендігі бекітілген. Мәжілісте аудан басшысы аталмыш меморандум талаптарының бұлжытпай орындалуын, сондай-ақ сауда орындарындағы бағаларға күнделікті мониторинг жүргізуді міндеттеді. Жиын барысында экономикалық және әлеуметтік мәселелермен қатар, аудан аумағындағы елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, көгалдандыру және маусымдық инфекциялық аурулардың алдын алу шаралары да назардан тыс қалмады. Әсіресе, көктемгі-жазғы кезеңде өзекті болатын Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу, қауіпті аймақтарға дезинфекциялық жұмыстарды уақтылы жүргізу бағытындағы шараларды күшейту қажеттігі айтылды. Аппараттық жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек көтерілген барлық мәселелер мен берілген тапсырмалардың сапалы әрі белгіленген мерзімінде орындалуы тиіс екенін ескертіп, олардың әрқайсысы тұрақты назарда болатынын жеткізді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР