Бүгін ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков Сыр өңіріне жұмыс сапарымен арнайы келді.
Сапар барысында вице-министр спорт саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиынға ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев және басқармаға қарасты спорт мекемелерінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде вице-министр Бауыржан Серікбайұлы министрлік тарапынан спорт және туризм саласын дамыту аясында атқарылған жұмыстарды және алдағы ауқымды жоспарларды баяндады.
-Бүгінде елімізде спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 8,4 млн адамды құрайды. Ол халықтың 41,4 пайызы, ауылдық жерде – 3,1 млн адамға тең. Бұл көрсеткіш барлық аймақтарда жылдан-жылға артып келеді. Соның ішінде Қызылорда облысында спортпен шұғылданушылардың саны 42,1 пайызға немесе 356 мың адамға жетіп отыр. Бұдан бөлек, министрліктің негізгі мақсаттарының бірі – барлық аймақтарда спорттық инфрақұрылымдарды дамыту. Бұл ретте, халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылымдарымен қамтылу көрсеткіші 55,1 пайызға жетті. Өздеріңіз білетіндей, жақында ғана Сыр өңірінде 11 мың орындық УЕФА талаптарына сай жаңа стадион пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қызылордада ІІІ Интернационал, Ақай, Дүр Оңғар, Жақсықылыш, Бесарық, елдімекендері мен Жалағаш кентінде жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Аққыр және Досбол Датқа елдімекендерінде ангар типтес спорттық залдар салынды. Ал, Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл спорт ғимараттарының барлығы жас спортшылардың және облыс тұрғындарының игілігі үшін жасалуда. Бұдан бөлек, министрлік тарапынан «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң күшіне енді. Осы Заң аясында өңірлерде басқару вертикалін іске асыру, спорт саласын цифрландыру, лудоманияға қарсы іс-қимыл шаралары сәтті жүзеге асырылуда, — деді вице-министр.

Жиын барысында Бауыржан Серікбайұлы туризм саласы бойынша да атқарылған жұмыстарды атап өтті.
-2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы туристік қызмет көрсету көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 66,3 пайызға артқан. Жалпы Сыр өңіріндегі туристердің жалпы саны 103 мың адамға жуықтады. Оның ішінде ішкі туристер саны – 97 мың асса, сыртқы туристер саны — 6 073 адамды құрады. Туристік ағынның өсуі туризм саласына салынған инвестицияның ұлғаюымен тікелей байланысты. Сәйкесінше 9 айдың қорытындысымен өңірдегі туризм саласына салынған инвестиция көлемі 45,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артты, — деді Бауыржан Серікбайұлы.
Жиын соңында спорт саласының қызметкерлері вице-министрге жеке сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді талқылады. Одан кейін вице-министр жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді. Брифингте кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың сапасын назарға алу, футбол клубтарын жекешелендіру сынды мәселелер сөз болды.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

