spot_img
spot_img
HomeҚоғамҚызылордада әйелдерге қолдау көрсетілді

Қызылордада әйелдерге қолдау көрсетілді

Қызылорда өңірінде әлеуметтік осал топтағы әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдауға бағытталған жоба жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылғы шілдеден басталған бастаманы «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі қолға алған. Жоба аясында тұрғын үйге қолжетімділік, әлеуметтік кепілдіктер, медициналық көмек пен жұмыспен қамту мәселелері жүйелі түрде шешілуде.

Басты ерекшелігі – әрбір өтініш берушінің жағдайы жеке қаралады. Мамандар құқықтық кеңес беріп қана қоймай, мемлекеттік органдармен нақты жұмыс жүргізеді, құжаттарды рәсімдеуге және өтініш жолдауға сүйемелдеу жасайды.

Мәселен, II топ мүгедектігі бар, шашыраңқы склерозбен ауыратын әйел үш жыл бойы қымбат тұратын «Натализумаб» препаратын ала алмаған. Жоба аясында eGov.kz порталы арқылы денсаулық сақтау басқармасына ресми өтініш жолданып, небәрі үш күн ішінде мәселе оң шешімін тапты. Науқас қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Тағы бір жағдайда мүгедектігі бар баланың анасы бұрынғы жұбайының мүлкіне байланысты тұрғын үй кезегінен шығарылған. Құқықтық талдау барысында аталған мүлік неке тіркелгенге дейін алынғаны анықталды. Құжаттар қайта қаралып, Отбасы банк арқылы тұрғын үй кезегі қалпына келтірілді.

17 жылдан бері баспана кезегінде тұрған зейнет жасындағы тұрғынның мәселесі де назардан тыс қалмады. Апатты жағдайда тұрған нысанды паналап келген азаматтың құжаттары қайта қаралып, тиісті органдарға жолданды. Нәтижесінде ол тұрғын үй алу кезеңіне өтті.

Кәсіп бастауға ниетті тағы бір қатысушы кәсіби тігін жабдықтарын алғанымен, шеберханасын электр желісіне қоса алмаған. Мамандар техникалық рұқсат алуға көмектесіп, қосылу шығындарын өтеу үшін мемлекеттік грантқа өтінім дайындады. Қазір ол өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алып отыр.

Бала тәрбиелеп отырған тағы бір ана құқықтық және психологиялық кеңес алғаннан кейін жұмысқа орналасып, қоғамдық өмірге белсенді араласа бастады. Сонымен қатар тұрғын үй комиссиясынан өтіп, баспана кезегін күтуде.

Жоба шеңберінде қызмет көрсету саласында туындаған даулар да шешімін табуда. Оқу курсына төленген қаражатты қайтара алмаған анаға заңгерлік сүйемелдеу көрсетіліп, қаржы толық қайтарылды.

Қатысушылар тұрғын үй кезегіне тұру, жалдау субсидиясын рәсімдеу, еңбек құқықтарын қорғау және бейімделген спортқа қолжетімділік мәселелері бойынша кеңес алып жатыр. Апаттық деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтардың жағдайы да тиісті органдармен бірлесіп қарастырылуда.

Айта кетейік, жоба «Omirlik Maqsat» бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия Қоры (ФЕЦА) және Citi қоры қолдауымен жүзеге асырылуда.

Мамандардың айтуынша, атаулы құқықтық сүйемелдеу мен жүйелі жұмыс әйелдердің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, олардың дербестігін арттыруға нақты мүмкіндік беріп отыр.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР