Jaqtime.kz Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында бірден төрт ұл баланы дүниеге әкелді. Осы қуанышты оқиғадан кейін отбасындағы бала саны жетеуге жетті.

Сәбилер 24 қыркүйек күні жүктіліктің 30-шы аптасы мен 6-шы күнінде кесарь тілігі арқылы өмірге келіп, оларға Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есімдер берілді, ал бүгін ана мен сәбилер перзентханадан салтанатты түрде шығарылды.
Төртемге жүкті болу – өте сирек кездесетін жағдай әрі дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс болғандықтан, болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының қатаң бақылауында болды. Мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғары болуына байланысты акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтардың үйлесімді жұмысының арқасында ана мен сәбилердің жағдайы тұрақты бақыланып, ықтимал асқынулардың алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілді.
Бақытты ана: «Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген орталықтың дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғыс айтамын!» – дейді.



