spot_img
spot_img
HomeUncategorizedҚызылордада медбикеге қол көтерген әйелге сот үкімі шықты

Қызылордада медбикеге қол көтерген әйелге сот үкімі шықты


Қызылорда қаласында медицина қызметкеріне күш көрсеткен жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс аяқталды. Қалалық №2 соттың шешімімен амбулаторияда жанжал шығарып, медбикенің денсаулығына зиян келтірген әйел тиісті жазасын алды.
Іс материалдарына сүйенсек, оқиға қаладағы емханалардың бірінде орын алған. Жанжалдың шығуына емделуші әйелдің дәрігер қабылдауына бекітілген кезексіз, өз бетімен кірмек болған әрекеті себеп болған. Осы сәтте қызметтік міндетін атқарып тұрған медбике оған ескерту жасап, тәртіпті сақтауды сұрайды. Алайда, қарапайым түсіндіру жұмыстарына құлақ асудың орнына, әйел агрессия танытып, сөз таласын төбелеске ұластырған.
Сот талқылауы барысында айыпталушының медбикенің жағасынан алып, оны ұрып-соққаны толық дәлелденді. Медициналық сараптама нәтижесінде зардап шеккен қызметкердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілгені анықталды. Оқиғаға куә болған амбулатория ұжымы мен басқа да келушілер бұл әрекетке наразылық білдіріп, құқық қорғау органдарына арызданған.
Сот бұл істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағы бойынша қарастырды. Судьяның шешімімен кінәлі деп танылған азаматшаға 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Бұл жағдай қоғамда медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен олардың қауіпсіздігі мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Мамандар кез келген заңсыз әрекет пен күш көрсету дерегі бойынша құқықтық баға беріліп, жазасыз қалмайтынын ескертеді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР