
Қызылорда қаласындағы Достық аллеясында «Масленица – 2026» кең көлемде аталып өтті. Ашық аспан астында өткен думанды шараға 500-ге жуық тұрғын жиналып, қысты шығарып салып, көктемді қарсы алу дәстүрін бірге ұлықтады.
Жиында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров құттықтау сөз сөйлеп, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар 15 наурызда өтетін республикалық референдумға тоқталып, Конституция ел дамуының негізгі бағытын айқындайтын құжат екенін жеткізді.
Қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов өңірдегі татулықтың маңызын атап өтсе, «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс білдірді.
Аллеяда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға дәстүрлі құймақ ұсынылды. Арқан тарту, қаппен жүгіру секілді ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттырды.
Концерттік бағдарламада «Қара жорға» биі мен «Валенки» әні орындалып, «Жемчужинка», «Анар Бэби», «Надежда» ұжымдары өнер көрсетті. Масленица аптасына тән дәстүрлер сахналық қойылымдар арқылы таныстырылып, кешірім мен сыйластықтың мәні айшықталды.
Мереке соңында жиналған жұрт көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.



