Қазалы ауданында небәрі 600 грамм салмақпен дүниеге келген нәресте шұғыл түрде облыс орталығындағы мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізілді. Тасымалдау барысында түсірілген кадрда неонатолог Өтебек Дәулет Полатбекұлы мен медициналық авиация фельдшері Нұртазаева Ақбота Омарханқызы көрінеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайдағы әрбір тасымал жоғары жауапкершілікті талап етеді. Арнайы кувезде жатқан сәбидің жағдайы жол бойы үздіксіз бақылауда болды. Жүрек соғысы, тыныс алу көрсеткіштері және негізгі өмірлік функциялары заманауи мониторинг құрылғылары арқылы қадағаланды.
Ұзақ жол мен ықтимал қауіп-қатерлерге қарамастан, медицина қызметкерлері үйлесімді әрекет етіп, барлық қажетті шараларды қабылдады. Арнайы медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер дайын күйінде ұсталып, шұғыл көмек көрсетуге толық мүмкіндік жасалды.
Нәрестені аман-есен жеткізу – кәсіби біліктілік пен жеделдіктің нәтижесі. Қазіргі уақытта сәби облыс орталығындағы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.



