Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бензин бағасына қатысты жағдайға түсініктеме берді. Мәжіліс алаңында ведомствоның вице-министрі Сұңғат Есімханов жанармай құны мораторий алынғаннан кейін қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, қазіргі таңда бензин бағасы көтеріліп жатқан жоқ. Министрлік барлық көтерме тұтынушылармен келісімге келген. Қолданыстағы баға 1 сәуірге дейін сақталады.

«Бүгінде ештеңе көтеріліп жатқан жоқ. Барлық баға сақталды және 1 сәуірге дейін өспейді. Тарифтерді одан әрі түзету үкіметтің шешіміне сәйкес анықталады», – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол бағаның күрт өсімі болмайтынын атап өтті. Егер бензин бағасы еркін нарыққа жіберілген жағдайда да, өсім кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенсек, жанармай құны айына шамамен 2–4 теңгеге ғана артқан.
Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта да баға өзгерісі бақылауда болады және күрт қымбаттау күтілмейді.



