Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов Бесарық, Көлтоған және Жиделі су нысандарын аралап, көктемгі су тасқынына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды jaqtime.kz
Аудан басшысы жұмыс сапары аясында гидротехникалық нысандардың техникалық жағдайын, су жинау мүмкіндігін және қауіпсіздік деңгейін тексерді. Сапар барысында су шаруашылығы саласының мамандары қазіргі ахуал мен су деңгейінің көрсеткіштері туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады.

Жаманбай батыр ауылдық округінде орналасқан «Бесарық» су қоймасында бүгінде су жиналу көрсеткіші қалыпты деңгейде. Айта кетейік, бұған дейін аталған нысанда су үнемдеу технологияларын енгізу және суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында арнайы науалық суару жүйесі орнатылған болатын. Бұл шаруалардың су тапшылығын сезінбеуіне септігін тигізбек.

Сонымен қатар, Манап ауылдық округіндегі тоғанның жағдайы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда нысанды жөндеу жұмыстары бойынша тиісті жоба әзірленіп, қаржыландыру мәселесін шешу үшін жоғары инстанцияларға ұсынылған. Сапар барысында Ақүйік ауылдық округіндегі «Көлтоған» және Жайылма аумағындағы «Жиделі» су қоймаларының да тыныс-тіршілігі сараланып, су деңгейі қатаң бақылауға алынды.

Аудан әкімі жауапты сала басшыларына су нысандарының қауіпсіздігін жіті қадағалауды тапсырды.
«Көктемгі су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын күшейту — басты міндет. Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен су деңгейі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Кез келген төтенше жағдайдың алдын алу үшін барлық техникалық мүмкіндіктерді пайдалану қажет», — деді Мажит Самитов.



