Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Наурызнама онкүндігінің 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай аудандық «Руханият» орталығында «Ұлттық киім – Ұлт ұясы » атты қазақ халқының ұлттық, сәндік киімдерін көрсетуден аудандық фестиваль өтті.




Фестивальде ұлттық киімдер ұлықталып, заманауи көзқараспен үндескен ерекше форматта көрермен назарына ұсынылды. Дизайнерлер мен тігіншілер этно-стиль бағытындағы заманауи киім үлгілерін көрсетіп, өз брендтерін таныстырды. Сән көрсетіліміне еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысып, әр жас ұрпақ ұлттық киімнің көркемдік және рухани мәнін сезіне алды.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев – «Ұлттық киім – халқымыздың мәдени мұрасы, оны дәріптеу – болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз»- деп ұлттық киімнің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық киімді тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде де кию қажет екенін айтқан болатын. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен тағылымын, мәдениеті мен болмысын айшықтайтын асыл мұра. Әрбір ою-өрнекте, әрбір кестеде ата-бабамыздың дүниетанымы, талғамы мен өмірге деген көзқарасы көрініс табады. Қазақтың шапаны мен камзолы, сәукелесі мен кимешегі – ұлтымыздың айрықша келбетін танытатын құндылықтар. Бүгінгі шара – сол асыл мұрамызды дәріптеп, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру жолындағы маңызды бастама. Ұлттық киімді ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Сондықтан осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.


Шара соңында жергілікті дизайнерлер және қатысушы топтарға аудан әкімінің мерекелік Құттықтауы табысталды.



