HomeЖаңалықтарҚызмет пен жауапкершілікті қатар арқалаған нәзік жанды полицей
Қызмет пен жауапкершілікті қатар арқалаған нәзік жанды полицей
Jaqtime.kz. Қызмет пен жауапкершілікті қатар арқалаған нәзік жанды полицей қызметінің бір күнімен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы ПД Шиелі ауданы полиция бөлімінің қызметкері Жаннұр Сейтжан күнделікті жұмыс күнін көпшілік әлі оянып үлгермеген уақытта бастайды. Таңертеңгілік нұсқаулық кезінде арыз-шағымдар қаралып, алдыңғы тәуліктегі жағдайлар сараланып, алдағы міндеттер мен тапсырмалар белгіленеді. Бірер минуттан соң ол учаскелік полиция инспекторымен бірге алғашқы шақыртуға шығады — бұл жолы отбасылық жанжал. Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінде қызмет ететін ол отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында профилактикалық жұмыстармен айналысады. Тек құқық бұзушылықты тіркеп қана қоймай, жәбірленушілерге құқықтарын түсіндіріп, қорғау нұсқамаларын ресімдеуге көмектеседі, қажет болған жағдайда дағдарыс орталықтарына жібереді.
Кейіпкеріміз күнделікті өмірде түрлі тағдырлармен бетпе-бет келеді. Бірі көмек сұрап келсе, енді бірі өз мәселесін айтуға да қиналады. Кейде ашумен келген адам әңгімеден кейін мүлде басқа күйге түседі. Осындай сәттерде ең маңыздысы – адамды мұқият тыңдау. — Кейде мәселенің мәні бірден көрінбейді. Адамды тыңдамай, жағдайды толық түсінбей шешім қабылдау қиын. Сондықтан әрбір іске байыппен қарауға тырысамыз, – дейді Жаннұр Сейтжан. 12 жылдық тәжірибесі бар ол бұл қызметтің тек тәртіп сақтаумен шектелмейтінін жақсы біледі. Мұнда сабыр да, жауапкершілік те, кейде қарапайым адамдық жанашырлық та қажет. Күнделікті жұмыс құжаттармен ғана шектелмейді. Тұрғындармен тілдесу, алдын алу шаралары, қайта бару, түсіндірме жұмыстары қызметтің ажырамас бөлігі. Кейбір мәселелер бірден шешілмейді, уақыт пен төзімді талап етеді.

Бос уақытында әсем әуендердің шынайы жанкүйері ретінде домбыра тартып, жанын сергітеді. Қызмет жолының қиындығына қарамастан ол ұлын тәрбиелеп отырған қамқор ана әрі қайсар әйел және өз ісіне берік қызметкер. Әр оқиғаны жүрегімен қабылдайтын, соған қарамастан алға ұмтылатын жан. Жаннұр Сейтжанның бір күні – ондаған тағдырмен тоғысатын уақыт. Сол сәттерде ол қорған мен әділдіктің ғана емес, адамгершілік пен кәсібиліктің де көрінісіне айналады.