Jaqtime.kz Елімізде халық арасында үлкен сұранысқа ие дәстүрлі медицина саласы енді толықтай мемлекеттің бақылауына көшті. Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 19 мамырдағы бұйрығымен дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсетудің арнайы стандарты бекітіліп, бұл құжат 2026 жылғы 5 маусымнан бастап ресми түрде қолданысқа енді.

Жаңа ереже бойынша, бұл қызметтерді меншік нысанына қарамастан, тек «Дәстүрлі медицина» кіші түрлері бойынша арнайы лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері ғана көрсете алады. Оның үстіне, емді кез келген адам емес, тек жоғары медициналық білімі бар және рефлексотерапия, мануалды терапия, су-джок терапиясы, гомеопатия, гирудотерапия немесе фитотерапия бағыттары бойынша көпбейінді мамандануы мен тиісті сертификаты бар кәсіби мамандар ғана жүргізуге құқылы. Тәжірибемен айналысатын медициналық персонал міндетті және мерзімді медициналық тексерулерден өтіп тұруы тиіс, ал барлық жұмыс «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» ҚР Заңына және санитарлық қағидаларға қатаң сәйкес жүргізіледі.
Бұл медициналық көмек тек ақылы негізде амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын және санаторлық-курорттық ұйымдарда ғана көрсетіледі. Сала субъектілері қауіпсіз әрі сапалы көмекті қамтамасыз етуге, клиникалық хаттамалармен жұмыс істеуге, аурулардың алдын алып, пациенттер ағзасының бейімделу мүмкіндіктерін арттыруға, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мамандардың біліктілігін көтеруге міндетті. Пациенттер бұл емге тек нақты көрсетілімдер болғанда және қарсы көрсетілімдер жоқ кезде ғана жіберіледі және процедура алдында міндетті түрде ақпараттандырылған келісімге қол қояды. Стандарт аясында денедегі нүктелерге әсер ететін рефлексотерапияны, омыртқа мен буындарды қолмен емдейтін мануалды терапияны, сүлікпен емдейтін гирудотерапияны, қатты сұйытылған заттарға негізделген гомеопатияны және дәрілік өсімдіктерді қолданатын фитотерапияны жүргізуге рұқсат берілген. Барлық емдеу шаралары стерильді шығын материалдарын пайдалану, қалдықтарды залалсыздандыру және мәліметтерді электронды ақпараттық жүйеге тіркеу арқылы жүзеге асырылады.
Ережеде инфекциялық және санитарлық қауіпсіздік талаптары өте қатаң жазылған. Инемен емдеу кезінде тек бір реттік стерильді инелер мен қолғаптар қолданылып, оларды қайталап пайдалануға мүлдем тыйым салынады, сондай-ақ тері мен қол міндетті түрде антисептикпен өңделеді. Сүлікпен емдеуде де арнайы жағдайда ұсталып, есепке алынған медициналық сүліктер ғана пайдаланылады және олар қолданылғаннан кейін қайта іске жаратылмай, бірден медициналық қалдық ретінде жойылады.
Ең маңызды шектеу — дәстүрлі медицина әдістерін шұғыл жағдайларда, онкологиялық және инфекциялық ауруларда, сондай-ақ жіті психикалық бұзылыстар кезінде жалғыз ем ретінде қолдануға үзілді-кесілді тыйым салынады. Егер пациент ресми дәлелді медицинадан бас тартса, міндетті түрде дәрігерлер консилиумы өткізіліп, оның жазбаша бас тартуы тіркелуі шарт. Бұл қадам елдегі емшілік нарығын реттеп, халық денсаулығын қорғауды жаңа деңгейге көтермек.



