spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарБалаңыз тұзаққа түспесін

Балаңыз тұзаққа түспесін

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға онлайн-груминг қаупі туралы ескертеді, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған Jaqtime.kz 


Бүгінгі таңда балаңыздың өз бөлмесінде, диванда телефон қарап тыныш қана отыруы — оның толық қауіпсіздікте екенін білдірмейді. Ішкі істер министрлігі (ІІМ) ата-аналар мен жасөспірімдерге қазіргі заманның ең үлкен қауіптерінің бірі — онлайн-груминг туралы шұғыл ескерту жасайды.

Онлайн-груминг — бұл интернеттегі қаскөйлердің баланың сеніміне кіріп, оны психологиялық тұзаққа түсіру үшін қолданатын өте айлакер тәсілі. Ал онлайн-грумер — әлеуметтік желіде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе танымал интернет-платформаларда өзін замандас, құрдас немесе «жанашыр дос» ретінде таныстырып, соңында балаға зиян келтіруді мақсат ететін ересек адам.

Бұл қауіптің бәрі әдетте қарапайым ғана таныстықтан басталады. Қаскөйлер баланың сеніміне кіру үшін көбіне өздерін жасөспірім ретінде көрсететін жалған аккаунттарды қолданып, бала үшін нағыз «жақын досқа» айналуға тырысады. Олар күн сайын хабарласып, ерекше көңіл бөледі, баланың ішкі уайымдары мен жеке өміріне қызығушылық танытып, оны ата-анасынан артық түсінетіндей кейіп танытады. Желідегі «дос» баланың сеніміне әбден кіріп алғаннан кейін, оның күн тәртібін, тұрғылықты мекенжайын, оқу орнын және араласатын ортасын суыртпақтап біле бастайды. Кейінірек қаскөй жеке сипаттағы, тіпті интимдік тақырыптағы сұрақтар қойып, фотосуреттер мен бейнежазбалар жіберуді талап етеді. Ең сорақысы, мұндай әңгімелердің қалыпты жағдай екенін айтып, хат алмасу туралы ешкімге тіс жармауды талап етеді және балаға жасырын психологиялық қысым көрсетеді.

Осындай қауіпті тұзақтан қорғану үшін әрбір бала мен жасөспірім интернеттегі қауіпсіздіктің алтын ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Ең алдымен, желіде бейтаныс адамдармен мүлдем сөйлеспеу керек және өзінің жеке деректерін, телефон нөмірін, мекенжайын ешкімге жарияламаған жөн.

Бейтаныс пайдаланушыларға жеке фотосуреттер мен бейнежазбаларды жіберуге үзілді-кесілді тыйым салынады. Егер әңгімелесуші интимдік сипаттағы сұрақтар қойса немесе хат алмасуды құпия сақтауды өтінсе, онымен сөйлесуді дереу тоқтатып, күмәнді аккаунтты ойланбастан бұғаттау қажет.

Сондай-ақ, интернеттегі кез келген күдікті адамдар мен оғаш әрекеттер туралы бала тез арада ата-анасына хабарлауы тиіс. ІІМ ата-аналарды балаларымен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үнемі ашық талқылап отыруға және олардың онлайн-белсенділігіндегі кез келген өзгерістерге (оңашалану, мазасыздық, телефонды жасыру) дер кезінде назар аударуға шақырады. Балаңыздың виртуалды әлемдегі «жақын досы» шынайы жау болып шықпауы өз қолыңызда.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР