Jaqtime.kz Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, Ақжол ауылының тұрғындарымен және Жаңарық, Әбдіғаппар, Өзгент ауылдарының ақсақалдарымен кездесті. «Руханият орталығында» өткен алқалы жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы маңызды міндеттер талқыланды. Аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысына жұмысты барынша ширату жүктелді.

Жиында аграрлық сектордағы түйткілдер де сөз болды. Ауданда 2023 жылдан бері күріш алқабы 1147 гектарға қысқарған. Осыған байланысты облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы ұсынған мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар, суармалы су тиімділігін арттыру үшін аудандағы 175 шаруашылық каналын бетондау жобаларын әзірлеу жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кейінгі төрт жылда облыс бойынша жаңадан 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілсе, оның 254-і Жаңақорған ауданында бой көтерген. Тұрғын үйлердің сапасына қатысты анықталған кемшіліктерді мердігер мекемелер толықтай қалпына келтірді. Биыл да жаңа баспаналар салу жоспарланғандықтан, салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысына дайындық жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.
Ауданды газдандыру деңгейі қазіргі таңда 53 пайызды құрап отыр. Бүгінде тағы 5 елді мекенге жоғары қысымды газ құбыры тартылуда. Аудан әкімдігі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмысын жүйелі түрде жүргізуі тиіс.
Жалпы алғанда, Жаңақорған ауданы экономикасының негізгі салаларында тұрақты өсім байқалады. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,3 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі мен пайдалануға берілген тұрғын үйлердің ауданы бойынша да оң нәтижелер тіркелді. Кездесу соңында тұрғындар мен ақсақалдар өңірді дамытуға қатысты өз ұсыныстары мен өзекті мәселелерін ортаға салды. Аймақ басшысы көтерілген әрбір мәселе жан-жақты зерделеніп, заң шеңберінде тиісті шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



