Jaqtime.kz Қызылорда облысының техникалық және кәсіптік білім беру саласы халықаралық деңгейге бет бұрды. Бүгін Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында аймақ үшін маңызы зор халықаралық құжатқа қол қойылды.

Салтанатты шараға Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Жүнісов арнайы қатысып, төртжақты ынтымақтастық туралы меморандумды бекітті.
Ауқымды келісім Қызылорда облысының білім басқармасы, Чунцин электрондық ғылым және технологиялар кәсіптік университеті, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі және «Чунцин баспасы» компаниясы арасында жасалды. Аталған құжат техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және заманауи еңбек нарығына ең қажетті мамандарды даярлауға бағытталған.
Меморандум аясында тараптар оқытушылар мен студенттерді алмастыру бағдарламаларын іске қосады. Сондай-ақ Қытайда білім алатын шетелдіктерді даярлау жүйесін дамыту, бірлескен оқу-тәжірибе орталықтары мен мамандандырылған шеберханалар құру көзделіп отыр.
Студенттер үшін екі тілде оқулықтар мен заманауи цифрлық білім беру ресурстары әзірленіп, «Қытай тілі + кәсіптік дағдылар» атты арнайы бағдарлама енгізілмек. Бұл жоба жастардың өндірістік тәжірибеден өту және түлектерді жұмыспен қамту мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, білім беру мен нақты өндірісті ұштастыратын халықаралық жобаларға жол ашады.
Делегацияның іссапары бұдан әрі Чунцин қаласындағы келіссөздермен жалғасып, білім беру мен мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар маңызды кездесулер өткізіледі деп жоспарланған.



