Jaqtime.kz Қызылорда қаласында белгілі журналист, қарымды қаламгер Ерқанат Сәрсенбайұлын еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы шағын футбол турнирі өтті.
Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған спорттық додаға жергілікті БАҚ өкілдері мен мемлекеттік мекемелерден құралған 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің басты мақсаты – ұшқыр ойлы, өткір тілді қаламгер Ерқанат Сәрсенбайұлының есімін ұлықтау, оның өнегелі еңбек жолын кейінгі буынға үлгі ету, журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайту.
Ерқанат Сәрсенбайұлы өзінің саналы ғұмырын баспасөз қызметі мен телевизия саласына арнап, мемлекеттік қызметте де абыройлы еңбек етіп, ақпарат саласында өзіндік қолтаңбасын, өшпес ізін қалдырған тәжірибелі қаламгер ретінде ел жадында сақталды.
Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы С.Шаханова, «Сыр медиа» ЖШС-нің директоры М.Аралбаев, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі М.Жетпісбаев және Ерқанат Сәрсенбайдың анасы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің баспасөз хатшысы С.Шаханова аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, тағайындалған қаржылай қорды Ерқанат Сәрсенбайдың анасына табыстады.
Тартысқа толы өткен жарыстың қорытындысы бойынша І орынды «Qyzylorda» телеарнасының командасы жеңіп алды. ІІ орын меншікті тілшілерден құралған командаға бұйырса, ІІІ орынды «Сыр медиа» командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, турнирге қатысқан барлық 6 командаға арнайы қаржылай жүлде қоры табысталып, қатысушылардың спортқа деген ынтасы мен әріптестік байланысын нығайтуға үлес қосқан командаларға құрмет көрсетілді.




