spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарҚызылордалық полицей неге қылмыскерге портрет арнады?

Қызылордалық полицей неге қылмыскерге портрет арнады?

Jaqtime.kz Қылмыс әлемінде ізді шебер жасыру, тергеушілерді адастыру үшін түрлі қулық-сұмдықтарға бару — жиі кездесетін құбылыс. Қылмыскерлер қанша жерден айласын асырып, ең қырағы мамандардың өзін тұйыққа тіреуге тырысқанымен, олардың жолын кесетін бір күш бар. Ол — криминалистердің кәсіби қырағылығы мен тиянақтылығы. Нағыз маман үшін қылмыс болған жерде еленбейтін ұсақ-түйек болмайды: көзге көрінбейтін шаң тозаңы, байқалмайтын талшық немесе әзер білінетін іздің өзі ең күрделі түйіннің жібін тарқатуға жеткілікті. Кез келген қылмыстың ізін суытпай ашуда шешуші рөл атқаратын, сырт көзге байқалмайтын осы бір құпиялар мен криминалистердің жұмыс үрдісіне бірге үңіліп көрейік… Қылмыс орны — суық, қатал, екінің бірі шыдай бермейтін үрейлі мекен. Мұнда әрбір ұсақ деталь — тағдыр шешетін бұлтартпас айғақ. Осындай ауыр да жауапты салада көзге көрінбейтін қылдай нәрсені іздеп, қылмыстың ақ-қарасын ажыратумен айналысатын жанның болмысы қандай болуы керек?

 


Бүгінгі кейіпкеріміз — Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жедел-криминалистика басқармасының криминалисі, полиция подполковнигі Сапарбаев Жаңабай Мырзахметұлы.

Ол — қызметте қылмыскердің ізін кесетін қырағы маман, ал өмірде ақ параққа жан бітіретін сегіз қырлы, бір сырлы суретші. Өз мамандығының нағыз шеберіне айналған Жаңабай 1986 жылы Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында туған. №159 орта мектепті бітірген соң, қос бірдей жоғары білім алды: алдымен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бейнелеу өнері мен сызу мамандығын, кейін М.Х. Дулати атындағы университетте сәулетші кәсібін меңгерді. Ал 2021 жылы Ш. Қабылбаев атындағы ІІМ академиясын тәмәмдап, құқық қорғау саласына біржола бет бұрды. 2012 жылдан бері криминалистиканың ыстық-суығына күйіп келе жатқан тәжірибелі маманмен, өнер мен заңның тоғысқан тұсы туралы сырлы сұқбат өрбіткен едік.

— Жаңабай Мырзахметұлы, сырт көзге криминалистика мен сурет өнері — мүлдем қабыспайтын, екі бөлек әлем сияқты. Осы қос бағыттың бір арнада тоғысуы сіздің кәсіби қызметіңізге қандай ерекше мазмұн берді?

— Сыртынан қарағанда солай көрінгенімен, бұл екі саланың ішкі табиғаты өте ұқсас. Криминалистика — көпшілікке беймәлім қырлары мен құпиясы көп сала. Мұнда заманауи техниканы меңгеріп қана қоймай, ішкі түйсік пен үлкен ізденіс керек. Оқиға орнындағы көзге көрінетін де, көрінбейтін де ұсақ айғақтарды тауып, дәлелдеме жинау — үлкен шыдамдылықты талап етеді. Сурет өнері де дәл солай: көп адам байқай бермейтін тылсым дүниелерді, өмірдің шынайы сәттерін сезініп, қағазға түсіру үшін де төзімділік қажет. Мен үшін осы қос әлемді бірге алып жүру — үлкен мәртебе. Бұрын табиғат көріністерін салғанды ұнатсам, криминалистикаға келгелі адамдардың түр-әлпетін, портрет жанрын тереңірек меңгердім. Өнер мені кәсіби жағынан шыңдай түсті десем болады.

— Сіздің портрет салу шеберлігіңіз тек кенеп бетінде ғана емес, қылмысты ашуда да іске асады екен. Тәжірибеңізде куәгерлердің айтуымен жасалған фоторобот нақты қылмыскерді құрықтауға тікелей септігін тигізген ерекше сәттер болды ма?

— Әрине, мұндай жағдайлар менің тәжірибемде өте көп болды. Бір ерекше есімде қалған оқиға Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінде орын алды. Кәмелетке толмаған жас қызға қатысты азғындық жасаған қылмыскер іздеуде болған еді. Жәбірленуші қыз бала қатты қорқып, күйзелісте болғанына қарамастан, онымен тіл табысып, есінде қалған белгілерін сұрап білдім. Қыздың айтқан сипаттамасы бойынша қылмыскердің фотороботын сызып шықтым.
Сол дайын болған суретті дереу барлық патрульдік бекеттер мен жедел уәкілдерге тараттық. Көп ұзамай, осы фотороботтың арқасында күдікті қолға түсіп, қылмыс ізі суытпай ашылды. Бұл мен үшін үлкен кәсіби жеңіс әрі зардап шеккен жанның алдындағы адамгершілік парызымның өтелуі еді. Өмірімде ешқашан көрмеген қылмыскердің портретін кейде жәбірленушілердің айтуы бойынша айнытпай салып шығатын кездерім болады. Бұл, әрине, бірінші кезекте маған берілген суретшілік қырымның, өнерім мен талантымның тигізген үлкен пайдасы деп білемін. Криминалистикада тек заң мен техниканы білу жеткіліксіз, мұнда адам жанын түсінетін психолог әрі көргенді қағазға дәл түсіре алатын суретші болу керек. Өз талантымның осындай қиын сәттерде мемлекетке, құқық қорғау саласына және зардап шеккен бейкүнә жандарға көмегі тиіп, әділдіктің орнауына септігін тигізіп жатқанына шын жүректен қуанамын.

— Қылмыс орнын тексеру кезінде қарапайым адамдар назар аудармайтын, бірақ сіз үшін бұлтартпас ақиқатты айқындайтын ең маңызды деталь не?

— Мен үшін оқиға орнында қылмыскер қалдырып кеткен адам қолының іздерінен асқан маңызды деталь жоқ. Мейлі ол көзге көрініп тұрсын, мейлі жасырын болсын. Неге десеңіз, адамның қол таңбасы — табиғаттың ең ұлы мөрі. Ол ешқашан өзгермейді және дүние жүзінде ешбір жанның ізімен қайталанбайды. Сол себепті, қандай суық, қандай күрделі жағдай болмасын, біз ең бірінші кезекте осы бұлтартпас дәлелді іздейміз.

— Күнделікті қылмыс әлемінің суық суреттерімен, адам жанын ауыртатын ауыр көріністермен бетпе-бет келесіз. Осындай психологиялық жүктемеден кейін қолға қылқалам алу жан дүниеңізді қалай емдейді?

— Сурет салу — мен үшін жұмыс емес, ол — менің балама әлемім, үлкен хоббиім. Қызметтен қолым босаған аз ғана сәтте ақ парақ пен қаламды алсам, мүлдем бөлек күй кешемін. Күнделікті күйбең тіршілікті, жұмыстың стрессі мен суықтығын ұмытып, ешкіммен шатағы жоқ, өз сұлулығымен тұрған табиғаттың таңғажайып көріністерін бейнелеймін. Сол сәтте жаным тазарып, рухым тынығып, келесі күннің ауыр жұмысына қайтадан күш жинаймын.

— Сіздің туындыларыңызда уақыттың қолға түспейтін қырлары, тарихи тұлғалардың бейнесі көп кездеседі екен. Кенеп бетінде шығарманың шынайы атмосферасын дәл беріп, көрерменді баурап алу үшін нені басшылыққа аласыз?

— Ең бастысы — шынайылық пен сюжеттің ең өзекті, ең қызықты сәтін ұстап қалу. Мен салған суретті көрген адам жай ғана бояуларды көрмеуі керек, ол сол картинаның ішіне кіріп кеткендей әсер алып, уақыт ағымы мен ғажайып сәтті өз көзімен көргендей күй кешуі қажет. Көрерменнің жүрегінде эмоция ояту — суретшінің ең басты мақсаты.

— Бүгінде өнер мен жауапты қызметті қатар алып жүріп, ұжымда сыйлы, отбасында аяулы жарыңыз Мәдина екеуіңіз 5 бала тәрбиелеп отырған үлгілі әкесіз. Тіпті 12 жасар қызыңыз Балауса да сіздің жолыңызды қуып, болашақта полицей болғысы келеді екен. Осы өмірлік тәжірибеңізге сүйене отырып, погон таққан жас буынға қандай қасиеттерді аманаттар едіңіз?

— Жас буынға айтарым — ең алдымен Отан алдында, халық алдында берген антқа адал болу керек. Иыққа шен таққан соң, мансапқа мастанып, жеткен жетістікке тоқмейілсімей, халыққа таза, адал қызмет ету — басты парыз. Қандай жағдай болмасын, адамгершілік пен өз кәсібіңе деген адалдықты жоғалтпау қажет. Сонда ғана елдің де құрметіне, өмірдің де биігіне қол жеткізуге болады.

— Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан: Асел Абзалқызы

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР