Отбасы – кез келген мемлекеттің негізгі іргетасы, адам баласының рухани діңгегі мен ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы. Тұлғаның азамат болып қалыптасуы, бойына адами асыл қасиеттерді сіңіріп, ізгілікке бой түзеуі ең алдымен шаңырақтың берекесі мен отбасылық құндылықтарға тікелей байланысты. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, сыйластық пен жауапкершілік салтанат құрған ортада ғана қоғамның ынтымағы нығайып, елдің болашағы баянды болмақ.
Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні ретінде аталып өтеді. Осы айтулы мерекеге орай Жаңақорған ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесі мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттауға арналған «Отбасы – қоғамның алтын діңгегі» атты аудандық конференция өтті.

«Руханият» орталығында ұйымдастырылған салтанатты басқосуға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторанты Бақтияр Оспанов, сондай-ақ зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, белсенді жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері қатысты. Сонымен бірге жиынның төрге шығар мәртебелі қонақтары ретінде отбасылық өмірде өнегелі жол басып, мерейлі белеске жеткен «Гауһар той» және «Алтын той» иелері шақырылып, құрметке бөленді.
Алқалы жиынның ашылуында сөз алған аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлы жиналған қауымды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде аудан басшысы: «Баршаңызды жылы күздің молшылығымен бірге келген жарқын мереке – Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Жаңақорған топырағы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен өнегелі отбасыларымен ерекше мақтанады. Ауданымызда бүгінде 103 «Батыр ана», 1039 «Алтын алқалы» ана, 2202 «Күміс алқалы» ана бар. Жыл басынан бері 164 жас отбасы шаңырақ көтеріп, 942 сәби дүниеге келді. Ал көпбалалы отбасылардың жалпы саны 4183-ке жетті. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Соңғы төрт жылда әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 254 баспана берілсе, оның 101-і көпбалалы отбасыларға бұйырды. Биыл әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған тағы 52 пәтердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі де киелі ұғым. Шаңырақтың берекесі мен тұрақтылығы – ел тыныштығы мен қоғам ынтымағының берік діңгегі. Сондықтан отбасы институтын нығайту, салт-дәстүріміз бен ұлттық тәрбиені дәріптеу – баршамызға ортақ абыройлы міндет. Бүгінгі конференцияда осы бағытта мазмұнды ойлар айтылып, көпшілікке қажетті, тағылымы мол пікірлер ортаға салынады деп сенемін», – деді.

Айтулы басқосуда ұзақ жылдар бойы жарасымды ғұмыр кешіп, отбасылық өмірдің озық үлгісін көрсеткен «Гауһар той» мен «Алтын той» иелеріне айрықша ілтипат көрсетіліп, қаржылай сертификаттар табыс етілді. Шарада сөз алған, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан Сахиевтер отбасы мұндай басқосулардың жас ұрпақ үшін маңызына тоқталып, көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Конференция жұмысы тақырыптық баяндамаларға ұласты. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторанты Бақтияр Оспанов отбасы құндылықтарын нығайту мен заманауи қоғамдық сананы қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Ал Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», білім саласының ардагері Үмбетәлі Әбибуллаев ұрпақ тәрбиесіндегі үлкендердің өнегесі мен отбасындағы рухани сабақтастықтың маңызы туралы салмақты ой толғады. Сонымен қатар «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова ұлттық тәрбие мен отбасылық өнегені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптеу төңірегінде өз пікірін білдірді.

Отбасы күніне арналған конференция қорытындысында отбасы институтын одан әрі нығайту, ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, сондай-ақ ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілікті арттыру төңірегінде тағылымды тұжырымдар жасалып, нақты ұсыныстар айтылды.



