Jaqtime.kz Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарға заңнамадағы жаңа талаптарды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.

(Фото ЖИ)
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толықтай жабатын киімдерді киюге шектеу енгізілген болатын. Аталған норма қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуды көздейді.
Рейдтік және тексеру іс-шараларының нәтижесінде қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киген бірқатар тұрғындар анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабының 1-бөлігіне сәйкес 21 азаматша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қала аумағында, соның ішінде саябақтарда, көшелерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында азаматтарға заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Тұрғындарға қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толық жабатын киімдер мен аксессуарларды пайдалану ережелері және заң бұзушылықтың құқықтық салдары жеткізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары азаматтарды қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге тек заңмен көзделген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.



