spot_img
spot_img
HomeБілімҚазақстан мектептерінде жаңа пәндер пайда болады

Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер пайда болады

Jaqtime.kz Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер басталды. Енді балалардың сапалы білім алу құқығы мемлекеттің ең жоғары деңгейінде қорғалады. Жаңа Ата Заң бойынша адами капитал, ғылым мен инновация ел дамуының басты бағыттары болып бекітілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

(Фото aqorda_resmi)


Конституцияның 33-бабына сәйкес, әрбір азаматтың мемлекеттік мектептерде тегін орта білім алуына толық кепілдік беріледі. Сондай-ақ, мектептің мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан, бәріне ортақ білім беру стандарттары енгізіледі. Бұл баланың қай жерде тұратынына немесе отбасының жағдайына қарамастан, барлық оқушының тең әрі сапалы білім алуына мүмкіндік береді.


Министрліктің мәліметінше, балалардың құқықтық сауатын ашу үшін жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына арнайы пәндер енгізіліп жатыр:

5–7-сыныптар үшін: «Конституция негіздері» пәні;

8–11-сыныптар үшін: «Заң мен тәртіп» курсы;

Бастауыш сыныптар үшін: «Конституция әлеміне саяхат» атты суретті оқу құралы әзірленді.

Сонымен қатар жоғары сыныптардағы «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны толығымен жаңартылды.



Бұл бағыттағы алғашқы үлкен шара ретінде 25 мамырда еліміздің барлық мектептерінде «Заң мен тәртіп – Конституция құндылықтарының негізі» атты бірыңғай сынып сағаты өтті. Бұл сабаққа бір мезетте 3,9 миллионнан астам оқушы қатысты.

Ведомство мамандарының айтуынша, бұл өзгерістер құрғақ заңдарды жаттату үшін емес, балалардың құқықтық мәдениетін арттырып, заңды сыйлайтын, жауапкершілігі жоғары және отансүйгіш азамат болып өсуіне көмектесу үшін жасалып отыр. Жаңа бағдарлама Әділетті Қазақстанның құндылықтарын қолдайтын ұрпақ тәрбиелеуге негіз болмақ.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР