Тұрғындардың түйткілді мәселелері шешімін табуда
Jaqtime.kz Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдап, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді тыңдады. Қабылдауға 13 адам тіркеліп, олардың екеуі онлайн форматта қатысты.

Қабылдауда әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, коммуналдық инфрақұрылым және жұмыспен қамту салаларына қатысты мәселелер көтерілді.
Қызылорда қаласының тұрғыны гемодиализ қабылдайтын науқастарға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру мәселесін қозғады. Қазіргі таңда өңірде созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 358 адам амбулаториялық гемодиализ орталықтарында ем қабылдап жатыр. Бүйрек трансплантациясына мұқтаж азаматтардың ұсыныстары назарға алынып, көтерілген бастамаларға қолдау көрсетілетін болды.
Сондай-ақ, «Саяхат» шағын ауданының тұрғыны үйіне жапсарлас орналасқан электр тарату жәшігін басқа орынға ауыстыруды сұрады. Өтініш қолдау тауып, электр жәшігін көшіру туралы шешім қабылданды.
Қабылдауға маусым айында баспанасы мен ауласындағы құрылыс дүкені өрттен зардап шеккен Қызылжарма ауылының тұрғыны да келді. Оған қолданыстағы тәртіпке сәйкес әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта тұрғын үй салуға қолдау көрсетілмек.
Облыс әкімі қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жан-жақты қаралып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелгенін атап өтті. Барлық өтініштің орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.