
Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан Қыраш ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, елді мекенде іске асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы орайда аудан басшысының сапардағы басты мақсаты – ауыл ішіндегі жол қатынасын жақсартуға бағытталған Қаратау көшесіндегі автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарын тікелей аралап көру болды.
Нысан басында Жаңақорған ауданының әкімі жауапты сала басшыларының, округ әкімінің және құрылысқа жауапты мердігер мекеме өкілдерінің атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есептерін тыңдады. Жұмыс сапары барысында жобаның орындалу кестесі мен техникалық дайындық деңгейі жан-жақты талқыланды. Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу қарқынына ерекше назар аударған аудан басшысы барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарының бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға және қолданыстағы құрылыс нормаларына қатаң сәйкес жүргізілуін тапсырды. Сонымен қатар, жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау мен техникалық қадағалауды тұрақты жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Өз сөзінде аудан әкімі жолдың ауыл айнасы екенін және оның сапасы халықтың тұрмыс сапасымен тікелей байланысты екенін, сондықтан әрбір километрдің талапқа сай төселуі жеке бақылауында болатынын атап өтті.
Айта кету керек, ұзындығы 2,4 шақырым болатын Қаратау көшесін күрделі жөндеуден өткізу бұған дейін тұрғындар тарапынан жиі көтерілген өтініш-тілектердің бірі болатын. Бұл маңызды жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып жатыр. Қазіргі таңда «Аксар Строй» ЖШС мердігер мекемесі жолдың негізін дайындау, тегістеу және тиісті инфрақұрылымдық элементтерді орнату жұмыстарын қарқынды жүргізуде, ал техникалық қадағалауды «Alash Orda Group» ЖШС жүзеге асырып келеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін көшенің көлік өткізу қабілеті артып, Қыраш ауылының тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы жол қатынасы қамтамасыз етіледі деп күтілуде.



