
Спорт – тек салауатты өмір салтының кепілі ғана емес, сонымен бірге ұжымдық ауызбіршілік пен ынтымақтастықты арттыратын маңызды құрал. Осы орайда, бүгін Жанақорған ауданында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, адалдық пен тазалық қағидаттарын кеңінен дәріптеу мақсатында дәстүрлі шағын футбол турнирі өтті.
Тартысты бәсекеге Жанақорған ауданының әртүрлі мемлекеттік салаларынан жиналған 9 құрама команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған ұйымдастырушылар қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың мемлекеттік қызметшілердің арасындағы достық байланысты нығайтудағы орны ерекше екенін атап өтті.
Шаршы алаңдағы ойындар өте жоғары деңгейде, тартысты әрі қызықты өтті. Әрбір команда жеңіске деген ұмтылысын, жоғары дайындығы мен тактикалық шеберлігін таныта білді. Алаңдағы тартысты сәттер мен әдемі голдар жиналған жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жарыс көрігін қыздыра түсті.
Шиеленісті ойындардың қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын – қарсыластарына дес бермей, үздік ойын өрнегін көрсеткен Жанақорған аудандық спорт мектебінің командасы қанжығалады.
ІІ орын – ұйымшылдығымен ерекшеленген Аудандық білім беру ұйымдарының командасына бұйырды.
ІІІ орын – табандылық танытқан Аудандық көпбейінді орталық аурухана командасы місе тұтты.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақылар салтанатты түрде табысталды. Бұдан бөлек, турнир барысында жеке шеберлігімен көзге түсіп, командасының ілгері басуына үлес қосқан үздік ойыншылар да назардан тыс қалмай, арнайы статуэткалармен марапатталды.
Айта кету керек, бұл айтулы спорттық іс-шара Жанақорған ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді. Серіктестік пен адалдықты ту еткен мұндай шаралар ауданда алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.



