Жаңақорған ауданында асыл аналарымыз бен көпбалалы отбасылардың беделін арттыруға, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті. Ел болашағының негізін қалап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған батыр аналарды құрметтеуге арналған бұл шара ауданның қоғамдық-мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан ақжаулықты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын салтанатты түрде табыс етіп, оларды құрмет төріне шығарды. Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл жоғары марапат – аналардың отбасындағы, қоғамдағы өнегелі істері мен қажырлы еңбектеріне берілген лайықты баға.
Салтанатты рәсім барысында сөз алған аудан басшысы Жарқынбек Ғалымжан ана еңбегінің қоғам мен мемлекет үшін өлшеусіз маңызын кеңінен атап өтті. Өз сөзінде ол әрбір ананың ел ертеңін қалыптастырудағы орны ерекше екеніне тоқталып, жиналған қауымды қуанышты сәтпен құттықтады. Аудан басшысы: «Ана – ұлттың ұстыны, отбасының берекесі, елдің болашағын тәрбиелейтін ең қастерлі жан. Мемлекетіміздің көпбалалы аналарға көрсетіп отырған құрметі – сіздердің адал еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке тілеймін», – деп ақ жарма тілегін арнады.

Шара барысында барлығы 11 көпбалалы ана мемлекеттік марапатқа ие болды. Оның ішінде төрт ана «Алтын алқа» иегері атанса, жеті анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды. Бұл марапаттар ақжаулықты аналарымыздың отбасы берекесін кіргізіп, ел дамуына қосқан айрықша үлестерінің айғағы болып табылады.
Бүгінгі таңда Жаңақорған ауданы демографиялық өсім мен ұрпақ тәрбиесі жағынан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Қазіргі уақытта ауданда 4666 көпбалалы ана тұрады. Олардың ішінде 1135 ана «Алтын алқа» иегері болса, 2207 ана «Күміс алқамен» марапатталған. Бұл ауқымды көрсеткіш өңірде отбасы институтының берік нығайып, ұлттық салт-дәстүрлер мен ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріліп отырғандығының жарқын дәлелі саналады.
Салтанатты жиын тек марапаттау рәсімімен ғана шектелмей, әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, аналарға арналған жүрекжарды әндер мен күйлерді шырқады. Мерекелік кеш жиналған аналарға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Ардақты аналарды ұлықтау – бұл жай ғана дәстүрлі шара емес, бұл – ұлттың болашағына деген терең құрметтің айқын көрінісі. Себебі саналы, отаншыл, білімді ұрпақ тәрбиелеп, елдің ертеңгі тұтқасын ұстар азаматтарды өсіретін де – ана. Сондықтан анаға деген құрмет пен қамқорлық әрдайым мемлекет пен қоғамның басты құндылықтарының бірі болып қала бермек.



